Алматыда 23 қаңтарда және 4 наурызда қатты жер сілкінісі болды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде қолданушылар Алматыдан көшу туралы әзілдей бастады. Алайда бәрі бірдей қалжыңдап жүр деп айтуға келмейді, өйткені шынында да мегаполистен көшіп жатқандар бар. Мұның анық-қанығын білу үшін Massaget.kz тілшісі блиц-сауалнама жүргізді.
Осы тұста мегаполис тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Бірі туған қалама көшемін десе, енді басқасы көшу туралы ойламайтынын жеткізді.
"Алмалы ауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінің 20 қабатында тұрамыз. Бірінші жер сілкінісі кезінде қатты қорықпаған едім, уайымдамай жүрдім. Артынан қайта-қайта 2-3 баллдық жер сілкінісі тіркеліп жатты. Онда да аса мән бермедім. Ал 4 наурызда болған жер сілкінісінен қорқып қалдым. Оның үстіне әлеуметтік желіде адамдар жойқын жер сілкінісі қайталанатады деп жатыр. Мұның бәрі мені алаңдатады. Енді туған жерім Шымкентке көшсем бе деп ойлап жүрмін, бірақ әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын", - деді Гүлжамал есімді қала тұрғыны.
Қала тұрғындарын екінші жер сілкінісі, яғни 4 наурызда болған табиғи зілзала қатты қорқытқан көрінеді. Өйткені көпшілігі тура осы жер сілкінісінен кейін басқа қалаға көшу туралы нақты шешім қабылдаған.
"Қаңтардағы жер сілкінісінен кейін Алматыдан көшу туралы ойламадық. Бірақ, соңғы 4 наурызда жер сілкінгенде әйелім қатты қорқып қалды. Сондықтан, Астанаға көшеміз деп шештік. Қазіргі уақытта Астанадан пәтер іздестіріп жатырмыз. Алматыдағы үйімізді жалға беретін шығармыз, көреміз. Алматыға мына дүрбелең басылғаннан кейін қайтамыз немесе Астана ұнап жатса, сонда қаламыз. Әлі нақты шешпедік", - деді қала тұрғыны Асхат Оразбай.
Қаладан ешқайда кетпеймін дегендер де бар.
"Әрине, қорқып жүрміз. Бірақ Алматыдан көшетін ойымыз жоқ. Көпқабатты үйде тұрамыз, мүмкін жер үйге көшетін шығармыз, ал қаладан кетпейміз", - деді қала тұрғыны Талғат Мақсатұлы.
Сауалнамаға жауап берген келесі тұрғын да Алматыдан көшпейтінін айтты.
"Алғашында қауесеттерге назар аудармаған едім. Бірақ 4 наурызда тағы да жер сілкінгеннен кейін қорқып жүрмін. Көпқабатты тұрғын үйде пәтер жалдап тұрамын, отбасым басқа қалада. Анам әр қоңырау шалған сайын төменгі қабатқа көш деп үгіттейді, бұл туралы өзім де ойлап жүрмін, бірақ қаладан түбегейлі көшіп кету ойымда жоқ. Бір пәтерде тұрған көрші құрбым бірінші жер сілкінісінен кейін-ақ басқа қалаға көшіп кетті", - деді Айзада есімді қала тұрғыны.
Алматыдан өзі көшпесе де, таныс-туыстарым қоныс аударды дегендер де табылды.
"Алматыдан көшу туралы ойлап жүрмін, бірақ әлі нақты емес, недегенімен бір қаладан екіншісіне көшу оңай емес қой. Дегенмен бірінші жер сілкінісінен кейін бірден басқа қалаға көшіп кеткен таныстарым бар. Олар отбасымен туған қалаларына көшіп кетті, "басқа қалада тыныш өмір сүргеніміз абзалырақ" деді", - деп жауап берді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген қала тұрғыны.
Ал кейбір қала тұрғындары тыныштықты тек іштей тілеп жүргенін айтты.
"Әзірге көшу туралы ойлап жүргенім жоқ, бірақ ішпей уайымдап, қорқып жүрмін. "Тыныш болса екен" деп тілеймін", - деді қала тұрғыны Диана Мұхтарқызы.
Қала тұрғындарынан бөлек, өнер иелері басқа өңірге қоныс аудару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мысалы, бірнеше күн бұрын әнші Нұрболат Қанай әлеуметтік желідегі парақшасында Шымкент немесе Атырауға көшетіні туралы жазған болатын.
Еске салайық, бұған дейін 23 қаңтарда және 4 наурызда сағат 11:22-де Алматы қаласында жер сілкінісі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!