Алматыдағы қандай үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алады? Сәулетші жауап берді

Алматыдағы қандай үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алады? Сәулетші жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Суретші, сәулетші, Қазақстанның төл ұлттық валютасы - теңгенің авторларының бірі Хайролла Ғабжәлелов Алматы қаласының ғимараттары қандай заңдылықтармен салынған айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сейсмикалық жерлер деп 9 балл және одан жоғары балды жер сілкілісі болатын жерлерді айтады. Алматы - сол тізімнің алдыңғы қатарында тұрған қаланың бірі. Себебі, қала өсіп келе жатқан жас тау Алатаудың баурайында орналасқан. Алматының бір көшесінің бір жағында 9 балл, екінші жағында 10 балл, біраз төменірек жерінде 11-12 бал саналатын жерлер де бар. Мәселен, "Ташкетская көшесінің" төменгі жағындағы жерлер сондай. Сейсмиканың қандай балл болуы мүмкін деген сұраққа жауап берсек, ол құрылыс болатын жердің (грунттың) топырағының құрамына байланысты", - деді Хайролла Ғабжәлелов.

Сәулетшінің айтуынша, Алматы қаласында осындай типтегі зәулім ғимараттар бар:

Қаңқалы ғимараттар - колонна, ригелдерден жиналатын, қабырғасы кірпіштен қаланатын ғимарат.
Панельді - қабырғалары ірі панелдерден жиналатын ғимарат. Бұрын тез салу үшін солардан көп салатын АҚК (Алматы үй құрылысы комбинаты) қазір салынбайды.
Монолитті қаңқалы ғимараттар - бәрі тек бетоннан құйылады.
Металлконструкциядан салынатын ғимарат - темірбетон қаңқасының орнына металл болады қалғандары бәрі бетоннан құйылады.

"Қай уақыт жер сілкінетінін алдын ала ешкім айта алмайды. Тек жануарлар, құстар және  аквариумдағы балықтарға қарап отырып байқауға болады. Болмаса, үлкен лабораториялар жер бетінде магнитті энергиялардың күшеюінен байқайды. Табиғаттың күшіне апатына ешкім қарсы тұра алмайды. Жердің су сияқты толқып келе жатқанын көрдім. Ал құрылысты есептеп неше балға төтеп бере алады десек, қатты жер сілкінгенде, ғимарат бірден құлап қалмайды қисайып, жарылады, бірақ ішіндегі адамдар тірі қалады деген есеппен салынады", - деді ол.

Хайролла Ғабжәлелов жер сілкініп жатқанда лифтке кіруге болмайтынын атап өтті.

"Ескі ғимараттардың баспалдақтарында тұруға да болмайды, олар жиналған төрт жағынан төрт жіңішкелеу арматурамен бекілген. Көбі кемінде елу жыл бойы тұр. Егер шіріген болса үзіліп кету қаупі бар. Жаңа ғимараттарда олар монолиттер, ол жерде тұруға болады. Ригелдердің астында тұруға болады. Ең мықты деген ғимараттар ол панельді үйлер, кейін монолитті үйлер болып есептеледі. Оған дәлел 1945 жылы Токиодағы жер сілкініс кезінде панелді үйлердің бұзылмастан тек жерге аунап түсіп жатқандарын көрдік", - дейді сәулетші Ғабжәлелов. 

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген. 

Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.  

Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.

"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 

Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты

Жасұлан Ордабаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz