- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы хостелде 13...
Алматыдағы хостелде 13 адам қаза тапты: комиссия құрылды
Алматыдағы өрттің шығу себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматыдағы хостелден шыққан өрттің себептерін анықтау және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Оның құрамына мемлекет және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ, Алматы әкімдігі кірді. Комиссия төрағасы, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына шұғыл аттанды.
Үкіметтік комиссия дереу өртке байланысты топтық апаттың себептерін кешенді тексеру жұмыстарына кірісіп, зардап шеккендерге бірінші кезектегі көмек көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды.
Кейінірек Алматыдағы хостелден шыққан өрт салдарынан үш адам ауруханаға түскені белгілі болды.
Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев хостелден шыққан өртке қатысты пікір білдірді.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев хостелден шыққан өртке қатысты мәлімдеме жасады.
Хостелде тұрған Қаймұрат Шаңшаң оқиға туралы айтып берді. Хостел әкімшілігі де өртке қатысты ақпарат берді.
"Әкімшілікте барлық ақпарат бар. Кім тұрды, қайда тұрды. Мұнда студенттер мен жастар тұрды. 25 жасқа дейінгілер тұрды. 0-қабатта тоққа қатысты мәселелер болған", - деді олар.
Айта кетейік, өрт шыққан хостел аймағында тұрғындарға еріктілер көмектесіп жүр.
Оқиғадан кейін бірнеше адам басқа хостелге ауыстырылды. Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисовтің айтуынша, қазіргі таңда 50-52 адам басқа хостелдерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі Ерболат Досаев хостелдегі өртке қатысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің көбісі Қазақстан азаматтары, бір Өзбекстан азаматы, біреуі РФ-ден екенін, қалғанының құжаттары қаралып жатқанын айтты.
Алматыда 13 адам қаза тапқан хостел маңында не болып жатыр?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек