Алматыда зейнеткер аялдамада аяусыз соққыға жығылған: тың дерек шықты

Алматыда зейнеткер аялдамада аяусыз соққыға жығылғаны көрінетін видео жұртты дүр сілкіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде Бостандық ауданындағы аялдамада 66 жастағы анасына ер адам шабуыл жасап, оны аяусыз ұрып-соққаны туралы жазба жариялады.

Жазба авторының айтуынша, ер адам ешкім жоқ сәтті күтіп, 66 жастағы әйелге шабуыл жасаған.

"Ол артқы жағынан келіп, оны себепсіз, аяусыз ұрып-соққан. Қазір анам ауруханада. Жағдайы нашар", - деп жазды ол.

Зардап шеккен зейнеткер туралы не белгілі?

Жәбірленушінің туысының айтуынша, зардап шеккен әйел 66 жаста. 

"Біздің отбасымыз бұған дейін мұндай жағдайды мүлдем көрмеген. Тіпті отбасымыздың ішінде де біреу біреуге қол көтергенін көрген емеспіз. Біз үшін бұл - өте жабайы әрі қорқынышты әрекет. Ол кісі - көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, өте сабырлы адам. Мұндай сұмдық қалай болғанын өзі де түсінбей отыр", - деді туысы.

Оқиға таңертең ерте, шамамен сағат алтыда, болған. Зейнеткер әпкесіне қонаққа бару үшін үйден шыққан. Туысының сөзінше, ол ешкімді мазалағысы келмей, әдеттегідей автобусқа шыққан.

Бейнебақылау камераларындағы жазбадан әйел аялдамаға келіп, сөмкелерін қасына қойып, көлікті күтіп тұрғаны көрінеді. Осы кезде қасында ер адам болған.

"Ешқандай жанжал болмаған. Ол ер адаммен сөйлеспеген, ескерту де жасамаған. Бізде толық видео бар, онда оқиға еш себепсіз болғаны анық көрінеді", - деді туысы.

Шабуылдан кейін зейнеткер ес-түссіз күйде қалған. Оқиға кезінде маңайда ешкім болмаған. Ал ер адам кетіп қалған, тек біраз уақыттан кейін оқиға орнына куәгерлер келген. Көршісі зардап шеккен әйелге қауіпсіз жерге жетуге көмектескен, содан кейін жедел жәрдем мен полиция шақырылған.

Қазір әйел жеке клиникада жатыр. Туысының айтуынша, оның жағдайы тұрақты, бірақ жарақаттары ауыр және қалпына келу үшін уақыт қажет.

Күдікті туралы не белгілі?

Kozachkov offside күдіктінің есімін жариялады. Ол бұрын сотталған 26 жастағы алматылық Т. болып шықты.

2021 жылы ақпанда ер адам кісі өлтіру (ҚК 99-бабы 1-бөлігі) және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бабы 1-бөлігі) баптары бойынша істі болған.

Сондай-ақ, сот отырысында 2018 жылы Т. "шизофрения белгілері бар жедел полиморфты психотикалық бұзылыс" түріндегі психикалық ауытқуды бастан өткергені белгілі болған. Алайда қылмыс жасаған сәтте ол есін білген және өз іс-әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болған.

Сот іс материалдарын зерделей келе оны қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айырып, жазасын өтеу орны бойынша психиатрдың бақылауы мен емін тағайындаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!