Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде Бостандық ауданындағы аялдамада 66 жастағы анасына ер адам шабуыл жасап, оны аяусыз ұрып-соққаны туралы жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазба авторының айтуынша, ер адам ешкім жоқ сәтті күтіп, 66 жастағы әйелге шабуыл жасаған.
"Ол артқы жағынан келіп, оны себепсіз, аяусыз ұрып-соққан. Қазір анам ауруханада. Жағдайы нашар", - деп жазды ол.
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, әйелге жасалған шабуыл бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.
"Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті анықталды, ол ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір болған оқиғаны жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді қала полициясы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова