Алматыда "Зайырлы мемлекеттегі дін" атты семинар-тренинг өтті

Алматыда "Зайырлы мемлекеттегі дін" атты семинар-тренинг өтті
Фото: azan.kz

Қазақстан Республикасы – әрбiр адамның наным-сенім бостандығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет, ел азаматтары діни сеніміне қарамастан, тең құқылы. Олар Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді.

Елбасы Н.Назарбаев: "Біз барша діндердің теңдігі мен Қазақстандағы конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз және бұған кепілдік бере аламыз. Біз исламның, өзге де әлемдік және дәстүрлі  діндердің ең үздік дәстүрлерін дамытудамыз және оларды сыйлаймыз. Сондықтан біз заманауи зайырлы мемлекет құрып жатырмыз" - деп Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ сьезінде атап өткен болатын.

- Біздің тарихи таңдауымыз-зайырлы мемлекет пен қоғам. Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбіт сүйгіш, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз, - деген болатын өз сөзінде Елбасы. Осы қағиданы басты мақсат еткен ҚМДБ және Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау орталығы» бірлесе отырып, 8-15 қазан аралығында Алматы орталық мешітінде «Зайырлы мемлекеттегі дін» атты семинар-тренинг өткізді.

Аталған іс-шараның маңызы жоғары. Себебі мешіт қабырғасында қызметте жүрген діни қызметкерлердің біліктілігін ұдайы жоғарылатып отыру қажет. ҚМДБ және Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының "Мониторинг және талдау орталығымен" бірлесе отырып ұйымдастырған тренингте "Нұр-Мүбарак" ЕИУ философия ғылылдарының докторы, профессор Қайрат Затов және ҚазҰУ-дың Phd докторы Құдайберді Бағашаров және ҚазҰУ-дың ақпараттық-насихаттау бойынша сарапшысы, дінтану кафедрасының аға оқытушысы Берікбаев Елнар зайырлы мемлекеттегі дін мәселелесі жөнінде дәріс оқыды.

Тренинг барысында Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы да қала мешіттерінің имамдары, ер және әйел ұстаздарымен жүздесіп, оларға мемлекет пен діннің арақатынасы, зайырлылық ұғымының мән мен маңызы туралы түсіндіріп берді.

Имамдардың біліктілігін арттыруға арналған бір апталық семинар-тренингке жалпы жиыны 163 адам қатысты.

Айта кетейік, осыған дейін ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында "Зайырлы мемлекеттегі зиялы имам" атты өңірлік II имамдар форумы өткен болатын.

О. Сансызбай