Өскеменде "Зайырлы мемлекеттегі зиялы имам" атты өңірлік форум өтті

Өскеменде "Зайырлы мемлекеттегі зиялы имам" атты өңірлік форум өтті
Фото: kazislam.kz

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында "Зайырлы мемлекеттегі зиялы имам" атты өңірлік II имамдар форумы болып өтті, - деп  хабарлайды ШҚО "Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметі.

Алқалы жиынға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай ұстаз Құрбанұлы, қала, аудан, ауыл имамдары, облыстық, қалалық ардагерлер ұйымдарының басшылары, Шығыс Қазақстан облыстық "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" басшысы Ернат Қыдырмоллаев және кейбір ауылдың әкімдері қатысты.

Шараның негізгі нысанасы зайырлылыққа қатысты ислами құндылықтарды насихаттау, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, рухани жаңғыру үн қосу, зиялы имамдар корпусын қалыптастыруға арналған шаралар жасау қатырлы істерге бағытталды.

Жиынды ашып сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы: "Зайырлы мемлекетте имамдарыыз зиялы болуға тиіс. Діни қызметкерлеріміз іскер, білімді, жан-жақты болу арқылы исламның асыл құндылығын паш етеді. Имам әрқашан халықтың айнасы болуға тиіс" деп ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар қоғам үшін зиялы қауымның орны ерекше екендігін айтып, осы жиынды ұйымдастырудағы мақсатқа кеңінен тоқталды. Өкіл имам имамдардың алдында тұрған басты міндеттерді атады.

Форумда ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай ұстаз имамның келбеті жайлы терең тағылымға толы баяндама жасап, сөз соңында "Имамдық деген ардақты пайғамбарымыздан (с.ғ.с) мирас болған аса абыройлы қызмет. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан имамдарға қамқорлық жасалып отыр. Діни қызметкерлер барлық жақсылық атаулының жаршысы болып, ізгілікке толы асыл дінімізді насихаттау жолынан танбауы керек" деп түйіндеді.

Сонымен қатар ШҚО "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" директоры Ернат Қыдырмоллаев, Күршім ауданы әкімдігінің бас маманы Лаула Әмерғалиқызы, Өскемен қалалық ардагерлер қауымдастығының орынбасары Рамазан Түсіпов, Күршім ауданының бас имамы Тілейбек Соянұлы қатарлы тұлғалар сөз сөйлеп, зиялылыққа қатысты ойларын ортаға салды.

Жиын зиялы имам қандай болуы керек деген сауалға жауап беретін тағылымды түйіндерге толы болды. Форум соңынан ел-жұртымыздың амандығы үшін дұға жасалды.

Ө. Сансызбай