Алматыда Audi көлігі жаяу жүргіншілерді қағып, кейін тұрақта тұрған көлікке соғылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция департаменті мәліметінше, жол апаты 9 маусымда таңғы сағат 8:20 шамасында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша Зенков көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқан Audi жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған бес жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бес адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді", - деді полиция.
Ведомство зардап шеккендер сол сәтте жолдан өтіп бара жатпағанын нақтылады. Ал жаяу жүргіншілерді қағып кеткен жүргізуші қозғалысын жалғастырып, тұрақта тұрған Toyota көлігіне соғылған.
"Оқиға кезінде көлік иесі салонда болмаған. Соққы салдарынан Toyota жанында тұрған Subaru көлігін жанап өткен, оның да жүргізушісі көліктің ішінде болмаған", - деді Алматы ПД өкілі.
Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Арыс қаласында мас күйдегі жүргізуші үш адамды қағып өлтіргені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!