Арыста үш адам қаза тапқан трагедия: тың дерек белгілі болды

Арыста үш адам қаза тапқан трагедия: тың дерек белгілі болды
Фото: otyrar.kz, "КТК"

Арыс қаласында мас күйде үш адамды қағып өлтірген жүргізуші жергілікті мектептің 52 жастағы мұғалімі болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" және OTYRAR телеарналарына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 6 маусымда кешке болған. Куәгерлердің айтуынша, жоғары жылдамдықпен келген көлік қоршауды бұзып өтіп, бес адам отырған орындыққа соғылған.

Адамдар кірпіш қоршаудың астында қалған. Оқиға орнында 29 жастағы жүкті әйел, оның екі жасар ұлы және көршісінің бес жасар қызы көз жұмған. Тағы үш адам ауруханада жатыр. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.

"Ұлымыз бен келінімізден айырылдық. Көршіміздің бес жасар қызы да шетінеп кетті. Кішкентай баланы көлік соққаннан кейін үйінді астынан таптық. Келінім ауланың арғы жағына ұшып кеткен", - дейді қаза тапқан әйелдің туысы Ғани Айдаров.

Бұл оқиғаның бәрі көшеде ойнап жүрген балалардың көз алдында болған. Қаза тапқан әйелдің артында үш баласы қалды.

"Күн сайын балалар: "анамыз қайда?" деп сұрайды. Оларға не айтамын? Оларға анасын қайдан тауып беремін?" - дейді марқұмның енесі Ағайша Манатова.

Зардап шеккен екі адам Арыс аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер 30 жастағы әйелдің жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Алайда оның бір жарым жасар баласы әлі де ауыр хәлде. Алған жарақаттарының ауырлығына байланысты нәресте облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.

Түркістан облысы Полиция департаменті мәліметінше, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Арыс қалалық соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget