Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жер сілкінісі кезінде барлық студент қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде Алматыда 198 833 студент 35 университетте білім алып жатыр.
"Біз бірінші жер дүмпуі туралы ақпаратты алғанда бірден іске кірістік. Студенттер шұғыл түрде эвакуацияланды. Барлығын жүйелі түрде ұйымдастырдық. Мен біздің унивисеттердегі ректорлар мен проректорларға, студенттік ұйымдардың басшыларына шексіз алғысымды айтамын. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Саясат Нұрбек жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат тарағанын атап өтті.
"Өкінішке қарай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі №6,8 жатақханалары қирап, құрбандар болды деген фейк ақпарат тарады. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Біз бірден (БАҚ-қа) ақпаратты беріп, оқиға орнына өкілдерімізді жібердік. Олар бәрін тексерді. (Жатақханаларда) кішкентай жарық пайда болған. Тиісті жөндеу жұмысын жүргіземіз. Бүгінде барлық жағдай бақылауда. Біз барлық ректормен және жатақханалардағы жауаптылармен байланыстамыз", - деді ведосмство басшысы.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген.
Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.
Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды
Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.
"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!