Алматыда электрсамокаттарға қатысты рейд өтті: бірқатар заңбұзушылық анықталды

Алматыда электрсамокатты жалға беру сервистері тексерістен өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тексеріс барысында бірқатар кемшілік анықталған. Осыған байланысты операторларға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқау беріледі.

Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаған жағдайда компанияларға заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

"Шеринг компаниялардың жаңа талаптарды қалай орындап жатқанын тексердік. Жылдамдықты шектеу жүйесі шынымен жұмыс істейтініне көз жеткіздік, велосипед жолдарында самокат жылдамдығын автоматты түрде төмендетеді. Сонымен қатар, кейбір кемшіліктер анықталды", – деді Алматы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері электрсамокат айдайтындармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларды пайдалану және тұраққа қою ережелерін, сондай-ақ, абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік барын түсіндірген.

Рейд барысында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз пайдаланылған электрсамокаттар анықталған. Олар арнайы тұраққа эвакуацияланды.

Электрсамокатты жалға алуға электрон үкімет порталы арқылы жеке басын міндетті түрде сәйкестендіргеннен кейін ғана рұқсат беріледі. Бұл құқықбұзушылық жасалған жағдайда пайдаланушыны анықтауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокат ресми түрде көлік ретінде танылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!