Алматы LRT желісін салуға қамданып жатыр. ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев LRT желісінің бағыты туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеуніктің сөзінше, көлік кептелісі қаладағы ең өзекті мәселенің бірі болғандықтан, оны шешу үшін қала билігі халықаралық тәжірибені зерттеп, кешенді жұмысты қолға алғалы отыр.
"Метро мен LRT сияқты үлкен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту да қолға алынды. Оның барлығы жолға түсетін жүктемені азайтып, қаладағы жеке көліктің санын азайтуға тиіс", - деді Ержан Диханбаев.
Баспасөз мәслихатында LRT-ның алғашқы желісінің құрылысына дайындық барысы айтылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды 2026 жылы шілдеде шығады.
Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін, сондай-ақ, Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.
"LRT құрылысының белсенді кезеңі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталады. Жоба желінің өзін ғана емес, депо құрылысын да қамтиды", - деді Ержан Диханбаев.
Еске салайық, жуырда Астана LRT жұмысын бастады. LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін 18 бекет бар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!