Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев LRT нақты қашан іске қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеуніктің сөзінше, жүйе дайындық жұмыстарының қорытынды кезеңінде, оған тағы екі күндей уақыт кетеді.
"Бүгін 15-і. Ертең дайындық жұмыстары тағы бір күн жүреді. Бүрсігүні (LRT-мен жүре аласыздар - еск.)", - деді Ерсін Өтебаев.
Осылайша, Астана LRT жексенбі, яғни 17 мамырда жұмысын бастайды.
Астанадағы LRT жобасы
Айта кетейік, LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылы 29 қыркүйекте басталған еді және ол кемінде 6 айға созылуға тиіс болатын. Бұған дейін CTS пойыздар сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минут уақытты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5 минуттан 10 минутқа дейін болатынын мәлімдеген еді.
LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін 18 бекет бар.

"Астана LRT" бекеттері: 101 - "Әуежай"; 102 - "Атамекен"; 103 - "Есіл"; 104 - "Мәңгілік ел"; 105 - "Астана жұлдызы"; 106 - "Нұра"; 107 - "Университет"; 108 - "Ұлы дала"; 109 - "Астана Арена"; 110 - "Жекпе-жек сарайы"; 111 - "Сығанақ"; 112 - "Бәйтерек"; 113 - "Министрліктер үйі"; 114 - "Ұлттық музей"; 115 - "Театр"; 116 - "Мыңжылдық аллеясы"; 117 - "Жібек жолы"; 118 - "Нұрлы жол".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова