Алматыда бұрын McDonald's франшизасына тиесілі болған мейрамханалар ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін McDonald's желісінің сайтында хабарландыру пайда болған еді.
"Сен жақсы көретіннің бәрі жақын арада", - делінген хабарландыруда.
Сондай-ақ, мейрамхана маңдайшалары жаңартылып, "ашық" деген жазу ілінген.
23 қаңтарда сағат 10:00-де бұрын McDonald's-қа тиесілі мейрамхана өз есігін қайта ашқан.
Tengrinews тілшісі мекемеге барып, мейрамхана мәзірі елден кеткен McDonald's-тен ерекшеленбейтінін байқаған. Негізгі өзгеріс - дүниежүзілік брендтің белгілері жоқ екені.
Сонымен қатар, Food Solutions KZ жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар желісі өкілдері жұмыс қайта басталғанын мәлімдеді.
"23 қаңтарда бұрын McDonald's брендімен жұмыс істеген Food Solutions KZ ЖШС-не тиесілі желінің бірқатар мейрамханасы жұмысын қайта бастады. Жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар біртіндеп ашылады, алғашында Алматыда 5 мейрамхана ашылады", - делінген хабарламада.
Мейрамхана жабылған кезде жұмыс істеген барлық қызметкер жұмыс орнын, жалақысын және басқа да еңбек жағдайын толық сақтайтыны айтылды.
"Бұл - біздің компанияның өміріндегі жаңа тарау. Әр қалада қонақтарға мейрамхана есіктерін біртіндеп ашамыз. Қызметкерлерімізге, серіктестерімізге және бізді қолдайтын мемлекеттік құрылымдарға алғыс айтамыз. Әзірге мейрамханалар атаусыз ашылады, бірақ жақын арада жаңа атау ұсынамыз", - деді Food Solutions KZ ЖШС бас директоры Әсет Машанов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда McDonald’s брендінің мейрамханалары жұмысын тоқтатқаны хабарланған болатын. Ал кейінірек Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері бұл жағдайдың себебін түсіндірген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!