Алматы облысында үш жасар Айя-София есімді қыз жоғалып кеткеніне үш айдан аса уақыт өтті. Полицейлер қазіргі жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысы Полиция департаменті мәліметінше, бала әлі табылған жоқ.
"Кәмелетке толмаған бала жоғалуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Іздеуге полиция қызметкерлері, жұртшылық пен еріктілер жұмылдырылды", - деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ, полиция наурызда баланы өлтірді деген күдікпен ұсталған адамдар әлі де қамауда отырғанын айтты.
Айта кетейік, үш жасар Айя-София Алматы облысының Күш ауылында жоғалып кеткен болатын. 17 наурызда ол үйден шығып кеткен, содан кейін оны ешкім көрмеген. Баланың анасы полицияға жүгінді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жоғалып кеткен 3 жастағы қызды 300 адам іздестіріп жатқаны хабарланды. Кинологтар мен тікұшақтан басқа, Еңбекшіқазақ ауданында арнайы іздеу тобы құрылып, қосымша әскери қос тігілген. Із-түзсіз кеткен бүлдіршінді табуға жергілікті тұрғындар да атсалысқан болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!