Алматы облысында жоғалған 3 жастағы қыз әлі табылмады

 Алматы облысында жоғалған 3 жастағы қыз әлі табылмады
Фото: Almaty.tv

Алматы облысында жоғалып кеткен 3 жастағы қызды 300 адам әлі іздестіріп жатыр. Кинологтар мен тікұшақтан басқа, Еңбекшіқазақ ауданында арнайы іздеу тобы құрылып, қосымша әскери қос тігілген. Із-түзсіз кеткен бүлдіршінді табуға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

17 наурызда із-түзсіз жоғалған 3 жасар қызды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Аймақ тоғай болғандықтан құтқару қызметінің жұмысын одан сайын күрделендіріпті. Ал іздеу арнайы қорғалған аңшылық аймақта болғандықтан, бекеттен ары өткізбеген. Олардың айтуынша, қоршаудың арғы жағында құпия тергеу амалдары жүріп жатыр.

"Еңбекшіқазақ ауданы Безымянное көлі жанындағы Қарашеңгел учаскесінде 3 жастағы қыз Балгашаева Аия Софияның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Осыған сәйкес іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД, Полиция департаменті, № 6654 әскери бөлім, Ұлттық ұлан сарбаздары, республикалық жедел әрекет ету жасағы, еріктілер жұмылдырылды. Жалпы саны 300-ге жуық адам мен 66 техника, қосымша бір тікұшақ іздестіріп жатыр", - деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ерсін Жағыпаров.

Бекетегі қызметкерлердің айтуынша, іздестіруге қатысты ақпарды жариялауға тыйым салған. Қазір полиция тек іздестіру амалдары қарқынды жүріп жатқаны жайлы ақпарат берді. Ал "қызды өлтіруі мүмкін" деген сыбысқа қатысты ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.

"17 наурызда сағат 21:00-де Еңбекшіқазақ ауданы полициясына 40 жастағы аудан тұрғыны сағат 16:00 шамасында 3 жастағы қыз үйден шығып, қайта оралмағаны жөнінде айтты. Айтылған дерек аудандық полицияға тіркелді. Ізін суытпай, арнайы іздеу тобы құрылды. Департаменттің 150, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 50 қызметкері, 10 атпен іздеу тобы және 25 кинолог іздеу шарасына белсенді қатысып жатыр", - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Айта кетейік, қыз осыдан 2 күн бұрын Күш ауылында жоғалып кеткен. Содан бері іздеу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова