Алматы облысы Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімдігі мәліметінше, 2 шілдеде сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы "Ақсай карьері" ЖШС аумағында Ақсай өзені жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыған.
"Оқиға орнына тиісті қызметтер жедел түрде жіберілді. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар аумақты тексеріп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Жұмысқа 19 қызметкер, 14 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шара қабылданып жатыр.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарында жағдай тұрақты", - деді әкімдік өкілдері.
Суреттер: Алматы облысы әкімдігі
Еске салайық, бұған дейін нөсер салдарынан Түрген өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, Түрген - Асы тасжолының кейбір учаскелерін су шайып кеткен еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова