- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алимент төлеудің діндегі...
Алимент төлеудің діндегі үкімі қандай?
Алимент төлеудің діндегі үкімі қандай? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Алимент - бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Алименттің көп таралғаны - баланы асырауға төленетін төлемдер.
Медет Құрмашұлының айтуынша, шариғатта алимент деген түсінік болмағанымен нәпақамен қамтамасыз ету ұғымы бар. Яғни отағасының жауапкершілігіндегі жандарды қажетті нәрселермен (азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, баспана) қамтамасыз ету.
Кішкентай балалардың нәпақасы белгілі бір жасқа жеткенге дейін әкеге жүктеледі. Нәпақаға баланың тамағы, киімі, ауырса емдетуі секілді шығындар жатады. Тіпті кәмелет жасына жетіп, оқуы немесе мүгедек болуы себепті жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, әкесі баласын нәпақамен қамтамасыз етуі керек. Ал қыз баланы тұрмысқа шыққанға дейін бағып-қағады.
Әкесі ажырасып кетсе де баласының алдындағы жауапкершілік пен міндеттен босамайды. Ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін әйеліне, белгілі бір жасқа жеткенге дейін балаларына нәпақа беріп отырады. "Бақара" сүресі, 233-аятында бұл жайында "Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен қоғамдағы ғұрыпқа сай жақсылап қамтамасыз ету - бала әкесінің міндеті. Ешкімге шамасынан тыс міндет жүктелмейді" делінген.
"Әкенің кішкентай балаларына нәпақасын беруге тиіс екенін бүкіл ғалымдар бірауыздан қолдаған. Өйткені бала - адамның бауыр еті. Өзінің тәнін азықтандыруы тиіс болғанындай, баласын да тамақтандыру - оған міндет", - дейді имам ибн Мунзир.
Әкесінің жұмыс істеуге шамасы жетіп тұрса, балаларының нәпақасы оның мойнында болады. Әр әке нәпақаны жағдайына қарап береді. "Талақ" сүресінің 7-аятында "Ауқатты адам (қолына қараған әйел, бала-шағасына) ауқатына қарай нәпақа берсін. Ал ризық-несібесі шектеулі болған адам Алланың өзіне нәсіп еткен жағдайына қарай нәпақа берсін" делінген.
"Әрбір ата-ана балаға жауапты, перзент - оларға аманат. Пайғамбар "Бәрің де бақташысыңдар, бәрің де қоластындағыларға жауаптысыңдар. Әмірші - адамдарға бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Ер адам - отбасына бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Әйел - күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты" деген. Сондықтан ажырасқан күнде де әкенің балаларын асырап, бағуы оған жақсы тәрбие беруі - шариғат бойынша міндет. Оны төлеуден қашу, табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу - күнә. Ер адамдар осы күнәсі үшін бұл дүниеде заң алдында, ақыретте Алла алдында жауап береді", - дейді Медет Құрмашұлы.
Еске салайық, бұған дейін заңгер Мұхамедияр Дүйсенғали алимент өндіру бойынша қазақстандықтар жиі қоятын сұраққа жауап берген еді.
Заңгердің айтуынша, "алиментті қалай өндіруге болады" деген сұрақ жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Ол алиментке беру қиын емес екенін айтты.
"Біріншіден, күйеуіңіздің тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық сотқа талап-арыз жазасыз. Алимент өндіру туралы", - дейді заңгер.
Мұхамедияр Дүйсенғалидің айтуынша, бұл жерде ескере кететін мәселе бар. Егер некені бұзып жатқан болсаңыз, оның толық бұзылғанын күтпей-ақ арыз бере беуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, тіркелетін қосымша құжаттар бар екені айтылды. Олар:
- неке куәлігі;
- баланың туу туралы куәлігі;
- баланың денсаулығы жақсы деген анықтама.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек