Атырау облысы Жангелдин ауылында көз жұмған бір отбасының өліміне қатысты сот отырысында тергеу барысындағы Сұлтан Сәрсемәлиевтің видеосы көрсетілді. Кадрда айыпталушы тергеушілерге барлық мән-жайды айтқаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін қанды қылмысқа Сәрсемәлиев пен әйелінің туыстары арасындағы ұзаққа созылған отбасылық жанжал себеп болғаны айтылды. Айыпталушы жұбайы Ақбаянмен және үш жасар қызымен бірге Атыраудан үш сағаттық жерде орналасқан Жангелдин ауылында тұратын қайын жұртының үйіне қонаққа келгенде жағдай ушыға түскен.
Тергеу эксперименті барысында айыпталушы сол жолғы сапар қатаң талаппен аяқталғанын айтқан. Оның сөзінше, қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева оны қорлап, Ақбаянды сонда қалдыруды, кіші балаларын қайтаруды және өздерінің өмірінен біржолата жоғалуды талап еткен.
Айыпталушының айтуынша, "жұбайының туыстары оның үйіне барып, бес баласының бәрін күштеп алып кетеміз" деп қорқытқан. Ол балаларын енді ешқашан көрмеймін бе деп қорыққанын, ал қайын жұрты үнемі кінә артып, балағаттауы жағдайды одан сайын ушықтыра түскенін жеткізді.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, қылмыс жасамас бұрын ол сарайға кіріп, асылып өлмек болған. Алайда соңғы сәтте ойынан айнып, кісі өлтіруге бел буған. Тергеу амалдары кезінде айыпталушы жантүршігерлік қылмыстың нақты себептерін ашты.
"Сарайда алдымен өзім асылып өлмек болдым, бірақ кейін балаларым мен әйелім қасымда қалып, ата-анам немерелерін көрсін деген оймен оларды өлтіруді ұйғардым. Ізді жасыру жоспарын бүге-шігесіне дейін ойластырып, олардың ақшасын қалай алатынымды алдын ала есептедім", - деді Сәрсемәлиев тергеу барысында.
Сәрсемәлиевтің сотта берген жауабына сүйенсек, ерлі-зайыптыны өлтіргенге дейін әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиевпен арада жанжал шыққан, осылайша ол бірінші құрбан болған. Сондай-ақ, айыпталушы оқиғадан кейін оның жеке құжаттары мен банк карталарын алып кеткенін айтты.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, одан кейінгі оқиғалар жұбайының өзге туыстарының айналасында өрби бастаған. Ол тергеушілерге кейін не болғанын айтып берді.
"Оларды өлтіру туралы шешім қабылдап қойған едім. Ізін жасыруды және келесі қадамдарды ойластыра бастадым. Қорадан кейін қылмыс құралына айналған пышақты тауып алдым. Бірден олардың Kaspi қосымшасына иелік етуді ойладым, бұл ақшаға қол жеткізу және ешкім ештеңе сезбеуі үшін коммуналдық төлемді төлеп отыру үшін қажет болды", - деді тергеу кезінде Сәрсемәлиев.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, үй иелері жоғалып кеткеннен кейін ауылдастары мен коммуналдық қызметтердің күдігін тудырмау үшін су, газ және жылу есептегіштің көрсеткіштерін алдын ала жазып алған.
"Менің алдымда таңдау тұрды: не өзім өлу, не балаларымды беру, не оларды өлтіру", - деді Сәрсемәлиев тергеу эксперименті барысында.
Кісі өлтіргеннен кейін айыпталушы үйде үйреншікті өмір жалғасып жатқандай кейіп таныту үшін марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан электр қуаты, су және газ есептегіштерінің көрсеткішін жіберіп отырған. Ал коммуналдық қызметтердің ақысын қайын атасы Мақсот Қарабалиннің интернет банкингі арқылы төлеп келгенін айтады.
Тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемәлиев марқұмдардың үйінен үш жеке куәлікті, үш банк картасын және екі алтын жүзікті алып кеткен. Іс материалдарына сүйенсек, ол үйде тығылған жеріннен соңғы 60-70 мың теңгені алған. Оның қасында банк карталарының құпиясөздері жазылған қағаз болған. Сондай-ақ, тергеу мәліметінше, ол марқұм қайын енесінің телефонын иемденген.
Айыптау нұсқасына сүйенсек, қарт ерлі-зайыптыны өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев әйелімен, үш жасар қызымен және жұбайының туған әпкесі Мейрамгүлмен бірге Ташкентке кетіп қалуды жоспарлаған. Көп ұзамай Мейрамгүл де өлтірілген.
Бұған дейін Мейрамгүл Қарабалинаға 32 жерден пышақ сұғылғаны айтылған болатын.
Іс материалдары бойынша Сәрсемәлиев банк қосымшаларын өз телефон нөміріне байланыстырып, SMS верификация арқылы цифрлық сервистерге қол жеткізген. Тергеу нұсқасы бойынша ол мемлекеттік сервистер арқылы марқұмдардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын аударып, қаражаттың бір бөлігін түрлі банктегі шоттар арасында бөліп отырған.
Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:
Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.
6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.
24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды.
Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:
2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!