Алғаш рет ораза ұстайтын адамдар білуге тиіс негізгі нәрселер

Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі - Рамазан айы. Биыл оның ұзақтығы - 30 күн. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Ислам дініндегі бес парыздың төртіншісі - ораза. ҚМДБ мамандары Massaget.kz тілшісіне алғаш рет ораза ұстайтын адамдар білуі тиіс негізгі нәрселерді ұсынды.

"Ораза" сөзінің мағынасы

Ораза араб тілінде "саум" деп аталады. "Саум" деген сөздің тілдік мағынасы - барлық нәрседен тыйылу. Ал оның шариғаттағы мағынасына келер болсақ, шариғатта оразаның дұрыс болу шарты - таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп жеуден және әйелмен төсек қатынасынан тыйылу.

Ораза тұтқан адамға ораза кезінде де, одан басқа айларда да харам нәрселерден тыйылу керек. Алайда рамазан айларында бұл талап күшейтіледі. Өйткені оразаның дұрыс болуы үшін ауызды ашатын нәрселерден аулақ болу керек болса, оразаның қабыл болуына әрі мол сауапқа кенелуіне харамнан тыйылуы шарт .

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: "Ораза – қалқан. Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін, дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: "Мен оразамын" десін".

Сондай-ақ ораза ұстаған адам тілін өсек, ғайбат айтудан, құлағын ғайбат сөзді тыңдаудан, көзін харам нәрселерге қараудан тыю керек. Әйтпесе оразаның сауабынан құр қалуы мүмкін. 

Тағы бір хадисте: "Кімде-кім жалған сөйлеуді әрі оған амал етуін доғармаса және надандықты (күнә істі) тастамаса, Алла Тағалаға оның тағам мен сусыннан бас тартқаны керек емес" , – делінген.

Оразаны кімдер ұстайды?

Рамазан айы әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл есі дұрыс, әрбір мұсылман адамға парыз.

Ол жайында Алла Тағала құранда айтады: "Ей имам келтіргендер, сендердің алдыңғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді". 

Оразаны кімдер ұстамаса болады?

Науқас адамдар. Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады. Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді. Алла Тағала Құранда былай дейді: 

"Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін".

Алайда рамазан айында аурудың барлық түріне ауыз ашуға рұқсат етіле бермейді. Кейде ораза ұстау науқастың дертіне шипа болуы мүмкін. Өйткені ораза ұстаудың көптеген ауруларға ем болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Қарт кісілер. Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады.

Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:  "Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек".

Жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер. Денсаулығы нашарлайды деп қорқатын болса, бұл кісілерге де рұқсат бар. Дегенмен, кейін қазасын өтеңдер деген.

Сапардағы адамдар. Ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса, ораза тұтқаны абзал. Алла Тағала былай дейді:

"Білсеңдер сендер ушін ораза ұстауларың абзал".

Сапарда рұқсатты пайдаланып аузын ашқаны ушін сауапқа ие болады. Ал оразаны ұстаса, одан көбірек сауапқа кенеледі. Егер ораза ұстауы езіне немесе жолсерігіне қиындық тудырса (яғни жолсеріктерінің ауыздары ашық болып, бірге ішіп-жесе) аузын ашуы абзал.

Балиғат жасқа толмаған балалар. Балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

"Үш адамнан (амал дәптерін жазатын) қалам көтерілді: айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанга дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан".

Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

  1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
  2. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
  3. Аузына келген қақырықты жұту;
  4. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
  5. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
  6. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
  7. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
  8. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
  9. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
  10. Көзге дәрі тамызу;
  11. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
  12. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
  13. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
  14. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны бұзатын жағдайлар

  1. Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
  2. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
  3. Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес".
  4. Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
  5. Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
  6. Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады). 

Пітір садақа деген не және оның мөлшері қандай?

Пітір - оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. 

Ауызашар және ауыз бекіту уақытын мына жерден көре аласыз.

Оқи отырыңыз: Ағзаға зиян келмес үшін ораза кезінде қалай тамақтану керек?