- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлемнің тағы бір...
Әлемнің тағы бір елінде жойқын жер сілкінісі болды
Индонезияда бірнеше сағат айырмашылықпен екі жойқын жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) сайтына сілтеме жасап.
EMSC мәліметтері бойынша, жер сілкінісі 23 сәуірде Кепулауан Бату архипелагы маңында болған.
Алғашқы дүмпу таңертең ерте тіркелген, ал магнитудасы 6,1 болды. Бірнеше сағаттан кейін тағы 5,8 баллдық жер сілкінісі болды. EMSC мәліметтері бойынша, жер сілкінісінің ошағы 43 шақырым тереңде орналасқан.
Жер сілкінісінің эпицентрі Падангтан батысқа қарай 202 шақырымда, 840 мың халқы бар жерде және Париаманнан батысқа қарай 177 шақырымда, 92 мың халқы бар жерде болған.
Үнді мұхитындағы Бату архипелагына 48 арал кіреді. Олардың ішіндегі ең үлкені - Танахбала.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы апатқа қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Кейінірек Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер баратынын мәлімдеді. Осылайша, қазақстандық ТЖМ құтқарушылары Түркияға аттанды. ТЖМ өкілдері Түркияда құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін айтты. 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айтты. Танымал әнші Димаш Құдайберген де концертінен түскен қаржының бір бөлігін Түркия мен Сирияға бөлетінін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова