- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлемдік және дәстүрлі...
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі - татулықтың алтын діңгегі
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі мәресіне жетіп, жиынның қорытынды құжаты – Декларация қабылданды. Биылғы "Діни көшбасшылар – қауіпсіз әлем үшін" деген тақырыппен өткен алқалы басқосуға 42 елден құрамында беделді діни көшбасшылар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері бар 80-нен астам делегация қатысты.
11 қазан күні съезге қатысушыларының жұмыс күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайының жанындағы "Бейбітшілік қабырғасы" маңында ортақ дұға жасау рәсімімен басталды. Әртүрлі дін өкілдері жер бетіндегі бейбітшілік пен амандық үшін қол жайып, мінажат етті.
"Бейбітшілік қабырғасы" монументі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Әлем. XXI ғасыр" манифестінің идеяларын бейнелейді. Президенттің осы тарихи құжатының идеялық мазмұны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алғашқы секциялық отырысының негізгі тақырыбы болды. Қалған секциялық отырыстар "Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер", "Дін мен жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар" және "Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді жеңу жолында" тақырыптарына арналды, - деп хабарлайды ҚР Парламентінің сенаты.
Форумға қатысушылар талқылаулар барысында халықтар мен өркениеттерді жақындастыру, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін бірлесіп шешуге бар күш-жігерін арнайтындарын жеткізді. Съездің жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Форум жұмысына белсенді атсалысқандары үшін делегация басшылары мен қонақтарға, халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс білдірді.
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өз жұмысын аяқтауда. Барлық делегациялардың басшылары мен қонақтарына, халықаралық ұйымдардың жоғарғы өкілдеріне съез жұмысына белсенді қатысып, сындарлы үлес қосқаны үшін алғысымды білдіремін. Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият, діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне сенемін, - деді.
Сенат Төрағасының пікірінше, форум аясында айтылған идеялар мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Форум діни көшбасшылар арасында әлемнің жаңа бейнесі бойынша ортақ пайымдаулар бар екенін көрсетті.
- Бүкіл әлемде әралуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адамдар бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды, - деді Қ.Тоқаев.
Қ.Тоқаев дінаралық форум қатысушылары өз елдерінің үкіметтері мен халықтары арасында VI съезд қорытындысын насихаттайды деп сенім білдірді. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда форум қатысушылары ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тартуға әзір екендіктерін жеткізді.
Форум қатысушылары экстремистер мен террористер тарапынан қысым мен күш көрсетуге тап болған барлық діни топтар мен этнос бірлестіктеріне ниеттес екендіктерін, сондай-ақ, босқындар мен олардың құқықтары мен абыройын қорғауға бағытталған күш-жігерді қолдайтындарын білдірді. Қорытынды құжат әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруден бас тартуға үндейді. Декларацияда бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілету, сондай-ақ барлық діндердің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылады.
Съезд делегаттары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық өзара әрекеттесу үдерісіне қосқан қомақты үлесін мойындау ретінде "Н.Назарбаев атындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын" құру бастамасын қолдады.
Декларацияда келесі форумның өтетін мерзімі белгіленді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін 2021 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылданды.
Форум аясында өткізілген шара барысында Бейбітшілік пен келісім мұражайы ашылып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 15 жылдығына орай арнайы шығарылған марканың таныстырылымы өтті.
О. Сансызбай