Әлемдік дін басшылары Астанадағы "Бейбітшілік қабырғасына" мінажат етті

Әлемдік дін басшылары Астанадағы "Бейбітшілік қабырғасына" мінажат етті
Фото: akorda.kz

Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі жалғасады. Астанада өтіп жатқан дінаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі бірегей алаңына айналған шара аясында "Бейбітшілік қабырғасы" монументі алдында әлемдік дін басшылары бір уақытта мінажат жасады.

Съезге қатысушылар бір мезгілде, бір жерде мінәжат ету арқылы барлық конфессияның әлемдегі бейбітшілікті қолдайтынын білдірді. Рәсім бірнеше минутқа созылды. Одан кейін "Бейбітшілік қабырғасының" алып экранынан әлемдегі ең ірі апаттар, ядролық қару жарылыстары туралы видео көрсетілді. Мәтін орыс тілінде болғанымен, қатысушылар үшін тікелей аударма жүргізілді.

Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі кеше басталған болатын. Биылғы сьездің басты ұраны "Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында" деп аталады. Кезекті алқалы жиынға көрнекті діни қайраткерлер мен беделі биік саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып, қазіргі таңдағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын болады.

Биылғы съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда. Кеше Елбасы сьезге төрағалық жасап, әлемдегі ең өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықтың келісіміне айналған форумға келгендерге алғысын білдірді. Одан өзге дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін Съездің бірінші сыйлығын Ватикан папасының кеңесіне табыстады.

Қазақстан Президенті съезд делегаттарының бәріне ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.

О. Сансызбай