Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хантавирус инфекциясына байланысты азаматтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, хантавирус инфекциясы - адамға кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен жанасу арқылы жұғатын қауіпті ауру.
Вирус ағзаға мына жолдар арқылы енуі мүмкін: шаң-тозаң, тағам, су, кеміргіштер тістеуі арқылы.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын азаматтарға алдын алу шараларын жариялады:
- кеміргіштерге жақындамау, олар мекендеуі мүмкін жерлерге бармау;
- кеміргіштер ластауы мүмкін өнімдер мен суды тұтынбау;
- рұқсат етілмеген және көшедегі сауда орындарынан тамақтанбау, азық-түлікті жабық ыдыста сақтау;
- жабық үй-жайларды алдын ала желдету, тазалау кезінде қолғап пен бетперде пайдалану;
- адам көп жиналатын жерлерде арақашықты сақтау, бетперде мен дезинфекция құралдарын пайдалану, гигиенаны сақтау.
Сондай-ақ, ведомство сапардан оралғаннан кейін 1-8 апта ішінде дене қызуы көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу пайда болған жағдайда тез арада дәрігерге қаралып, шетелде болғаныңыз туралы айту қажет екенін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Аргентинадан Кабо-Вердеге бара жатқан MV Hondius кемесінде хантавирус өршіді. Салдарынан үш адам қайтыс болды. 12 мамырда ДДСҰ 11 жағдай анықталғанын, оның тоғызында Андес вирусын жұқтыру дерегі расталғанын хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова