Әлемді шулатып жатқан хантавирус: Қазақстанда таралу қаупі бар ма?

Әлемді шулатып жатқан хантавирус: Қазақстанда таралу қаупі бар ма?
Фото: depositphotos.com

MV Hondius кемесіндегі жолаушылар арасында хантавирус инфекциясы тарағаны туралы ақпараттан кейін көпшілікті бұл вирус қаншалық қауіпті екені және оның Қазақстанға жету қаупі бар-жоғы алаңдатып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына сілтеме жасап. 

Бұл қандай вирус?

Хантавирус - негізгі тасымалдаушысы кеміргіштер саналатын зоонозды вирустар тобы. Адам көбіне вирус жұқтырған жануарлардың зәрі, сілекейі немесе нәжісі аралас ауаны жұту арқылы инфекция жұқтырады. Сирек жағдайда ластанған заттармен байланыс немесе кеміргіштер тістеуі арқылы да жұғуы мүмкін.

Мамандар қазір Andes orthohantavirus (ANDV) штамына ерекше назар аударып отыр. Бұл - оңтүстікамерикалық штамм, оның басқа хантавирус түрлерінен ерекшелігі сол - адамнан адамға жақын әрі ұзақ байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Осы ерекшелігі оны эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті етеді.

MV Hondius кемесіндегі жағдай

Биыл мамыра MV Hondius кемесіндегі жолаушылар мен экипаж арасында бірнеше жағдай тіркеліп, халықаралық бақылау күшейген. Кеме Ушуайядан шығып, Оңтүстік Атлантика арқылы бағыт алған. 6 мамырдағы мәлімет бойынша Нидерланды, Германия, Ұлыбритания және Швейцария азаматтары арасында өзара байланысты сегіз жағдай расталып, тексеріліп жатыр. 

Вирустың негізгі табиғи тасымалдаушысы - Oligoryzomys longicaudatus кеміргіші. Ол негізінен Аргентина мен Чили аумағында кездеседі.

Аурудың белгілері қандай?

Мамандардың сөзінше, аурудың бастапқы кезеңі білінбей өтеді. Инкубациялық кезең 7 күннен 42 күнге дейін, кейде одан да ұзаққа созылады.

Алғашқы белгілері:

  • дене қызуы көтерілуі,
  • бас ауруы,
  • бұлшықет әлсіреуі,
  • жүрек айнуы,
  • құсу,
  • іш өту,
  • жөтел мен ентігу.

Ауыр жағдайда өкпе зақымдануы мүмкін. Andes virus кезіндегі өлім-жітім деңгейі шамамен 30-40 пайыз деп бағаланады.

"Бұл жағдайда инфекция таралуына адамдардың жабық кеңістікте ұзақ болуы, ортақ каюталар мен асханаларды пайдалану, жолаушылардың кейін түрлі елдерге кетуі әсер еткен. Ең жоғары қауіп науқастармен жақын байланыста болған адамдар мен медицина қызметкерлеріне қатысты", - деп жазылған орталық хабарламасында.

Қазақстандағы жағдай

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мәліметінше, Қазақстанда Andes orthohantavirus (ANDV) вирусы тіркелмеген, дегенмен жағдай тұрақты эпидемиологиялық бақылауда. Елде санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жұмыс істейді, инфекциялық қауіпке мониторинг жүргізіледі.

Мамандар халықаралық сапар кезінде эпидемиологиялық жағдайды алдын ала тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ, жабайы кеміргіштермен байланыстан аулақ болу, олар жиналуы мүмкін орындарға бармау, өлі жануарларды қорғаныс құралдарынсыз ұстамау, жабық бөлмелерді тазалар алдында желдету, жеке гигиенаны сақтау, тек қауіпсіз су ішу және азық-түлікті жабық қаптамада сақтау ұсынылып отыр.

"Қазір жағдай бақылауда, халыққа алаңдауға негіз жоқ", - деді мамандар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget