22 маусымда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 33 жастағы Александр Пакқа әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша (көлік құралын басқарған адамның алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда үш адамның өліміне әкеп соқтырған әрекеті) қаралды.
Сотта не анықталды?
Биыл наурызда П. масаң күйде көлік басқарып, белгіленген жылдамдықты асырып жүргені анықталған. Кейін көлік тізгінін игере алмай, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жәбірленуші Т. басқарған көлікпен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жәбірленушілер - жүргізуші Т., сондай-ақ, екі жолаушы Т. мен Қ. оқиға орнында көз жұмған.
Cот отырысы
Айыпталушының кінәсі оның ішінара мойындаған жауабымен, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, тергеу хаттамаларымен, заттай дәлелдермен дәлелденген.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор П.-ға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және өмір бойына көлік басқару құқығынан айыруды сұрады.
Қаза тапқандардың туыстары, яғни төрт жәбірленуші П.-ға бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұраған. Ал бір жәбірленуші Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
Сот шешімі
П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл баптың санкциясы бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот П.-ға ең қатаң жаза ретінде 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, П. өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
әл-Фарабидегі жол апаты
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.
Айыпталушы соңғы сөзінде не деді?
1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
22 маусымда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Марқұм Т.К.-ның әкесі ең қатаң жазаны және 100 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді талап етті.
Ал айыпталушы Александр Пак соңғы сөзінде кінәсін толық мойындайтынын, жасаған ісіне өкінетінін және үш адамның өлімі үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. Ол соттан бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеруді сұрады. Сондай-ақ, ер адам балалары бар екенін де айтты.
Александр Пак / сот отырысынан кадр
"Қаза тапқандардың жақындарынан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл - мен үшін өмір бойы ұмытылмайтын трагедия. Жауапкершіліктен жалтармаймын. ... БАҚ өкілдеріне айтарым, олардың көбі менің дәулетім, ата-анам мен отбасым туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, 20 жасымнан бастап жұмыс істеп, бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионердің немесе миллиардердің баласы емеспін. Саяси лауазымды тұлғалармен ешқандай байланысым жоқ. Не тапсам да, адал еңбекпен таптым", - деді Александр Пак.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова