әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: жәбірленушілердің бірі айыпталушыдан 100 млн теңге сұраған

Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Прокурор Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Осыдан кейін сот жарыссөзінде марқұмдардың туыстары сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марқұм Т.К.-ның әкесі ең қатаң жазаны және 100 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Марқұмның әкесі сот отырысына қатыспады, оның мұндай ұстанымын өкілі оқып берді.

"Ешқандай сот шешімі марқұмды қайта тірілте алмайды. Айыпталушы өз кінәсін мойындады, бірақ бұл зардаптың ауырлығын және адам өмірінің құнын төмендетпейді. Азаматтық талап арызда көрсетілген сома баю мақсатында емес, ол жәбірленушінің қызының қазасына байланысты тартқан рухани азабының ауырлығын және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қажет екенін білдіреді", - деді өкіл.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз