Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты тағы бір тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үш адам қаза тапқан қайғылы оқиға бойынша негізгі іс сотқа жолданды. Сонымен қатар, Алматыда осы жол апатына байланысты тағы екі қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Бірінде полиция қызметкері - Алматы Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі күдікті ретінде танылған. Оған 370-баптың 4-бөлігі 1-тармағы ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік") бойынша айып тағылып отыр.
"20 мамырда Алматы ПД қызметкеріне - ПД басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты соталды тергеп-тексеру аяқталды. Ол әрекетсіздік танытып, соның салдарынан адам өліміне әкеп соққан жол апаты болған. Қылмыстық іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр", – деді ІІМ өкілдері.
Ведомство өкілдері іс сотқа қашан берілетінін нақтыламады.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!