әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: іс сотқа түсті

әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: іс сотқа түсті
Фото: Видео кадры

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша қылмыстық іс сотқа түсті. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олег Чернов бұл мәліметті Instаgram-дағы парақшасында жариялады.

"Соталды тергеу аяқталды, ендігі кезек сотта. Ішкі істер министрі мен Президенттің тапсырмасы барынша қысқа мерзімде орындалды. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр сағат 15:00-де Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тағайындалды", - деп жазды адвокат.

Қалалық соттың баспасөз қызметі бұл іс Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскенін растады. Десе де сот процесі ашық болатын-болмайтыны нақтыланбады.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. 

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget