Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев өңірде табиғи апаттан мың үй мен 47 ғимарат бүлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Су тасқыны салдарынан облыста 1087 тұрғын үй, 47 ғимарат пен құрылыс, 232 аула, 852 саяжай бүлінді. Су тасқынына қарсы күреске 720 маман, 185 техника, 11 қайық, 8 су сорғыш жұмылдырылды", - деді Асылбек Есенбаев ОКҚ-да өткен брифингте.
Оның сөзінше, су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған 206 адамға 64 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленген.
"Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға 2 пункт құрылып, барлығы 300 тоннаға жуық тауар жиналды. Оның 235 тоннасы көмекке мұқтаж тұрғындарға таратылды. Бұл жұмысқа 8 мың 500 волонтер ат салысып жатыр. Бүгін түнде Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келді.
Су тасқыны салдарынан келген материалдық шығынды есептеу үшін әр ауданда жұмыс істеліп жатыр. 2652 өтініш қабылданып, бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін табиғи апаттан қираған үйлердің орнына қандай баспана салынатыны белгілі болды.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!