Табиғи апаттан қираған үйлердің орнына қандай баспана салынатыны белгілі болды

Табиғи апаттан қираған үйлердің орнына қандай баспана салынатыны белгілі болды
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov. Құлсары қаласы

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева Қазақстанда су тасқынынан қираған үйлердің орнына қандай баспана салынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үйін қалпына келтіру туралы тапсырма берген. Тапсырма шеңберінде министрлікте жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй салуды көздейтін кешенді іс-қимыл жоспары әзірленген.

"Жоспар аясында тұрғын үйлердің эскиздік жоспары әзірленді. Біріншісі – 80 шаршы метр болатын 3 бөлмелі жеке тұрғын үй, екіншісі – жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобасы мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұл барлық өңірде типтік жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы epsd.kz cайтында көпшілікке ұсынылады", - деді Меруерт Ибраева ОКҚ-де өткен брифингте.

Құрылысты бастау үшін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы керек.

Сондай-ақ ресми өкіл қалпына келтіру жұмысының көлемін анықтау үшін су тасқынынан зардап шеккен үйлерді әкімдіктердің техникалық тексеруі маңызды екенін атап өтті.

"Әкімдіктер келтірілген залал мен шығын көлемін есептеп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қалпына келтіру жұмысының барысы туралы халықты үнемі хабардар етіп отырады", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz