- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда сарбаздардың басынан...
Ақтауда сарбаздардың басынан ағаш дубинкамен ұрған командир неге жазадан сытылып кетті?
Бас әскери прокуратура өкілдері Ақтауда командир әскерге шақырылушыларды ұрып-соққан оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство өкілдері офицер неге жазаланбағанын, ал іс неліктен "тараптар татуласқаны үшін" тоқтатылғанын айтты.
Бас әскери прокуратура мәліметінше, сарбазды ұрған командир 2017 жылдан 2024 жылға дейін Қорғаныс министрлігінде қызмет еткен. 2017 жылдан 2021 жылға дейін Құрлық әскерінің Әскери институтында оқыған. Офицерлік қызметте 2021 жылғы маусымнан 2024 жылғы наурызға дейін қызмет атқарды.
25744 әскери бөлімінің 2-ші шабуылдау батальонының миномет батареясының 1-взводының командирі ҚР ҚК-нің 451-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған.
ҚР ҚК 451-бабы 1-бөлігінің санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жазаны не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Осылайша, ең жоғары жаза - бес жылға бас бостандығынан айыру.
"ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес Д.Оралбаевқа қатысты іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Сот талқылауында мерзімді қызметтің жәбірленуші әскери қызметшілері тараптар татуласқанына байланысты Д.Оралбаевқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш жасаған, өйткені келтірілген зиян өтелді, шағымдар болмаған. Сонымен қатар, ол кінәсін толық мойындаған. Ақтөбе гарнизонының әскери соты 2024 жылғы 13 наурызда тараптар татуласуына байланысты Д. Оралбаевқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдады", - деп мәлімдеді Бас әскери прокуратура өкілі.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің бұйрығымен 25744 әскери бөлімінің командирі Б.Б. Әбибуллаев пен оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Б.Ш. Жөтеков лауазымдарынан босатылды.
Командир Д. Оралбаевтың өзі 27 наурызда әскери қызметтен босатылды.
Еске салайық, бұған дейін осы мәселеге қатысты бір оқиғада әскери қызметкер сапқа кешігіп келген сарбаздың бетінен ұрып жібергені хабарланды. Тіпті басынан отырғышпен ұрып жіберген.
Бірнеше соққы жеген сарбаз басынан ұстап отырып қалған, алайда командир мұнымен тоқтамай, ұруын жалғастырған. Тағы бір сарбаздың тісін қағып алған.
Ақтауда сарбаздардың басынан ағаш дубинкамен ұрған командирдің оқиғасы: жаңа дерек белгілі болды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова