Нұр-Сұлтанда баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы "Үркер-2020" ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынды ашу сөзінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жеңімпаздарды құттықтап, журналистиканың қоғамда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Жыл үздіктерін анықтау үшін 2019 жылдың бірінші қаңтары мен 2020 жылдың бірінші қаңтары аралығында телеарналарда, басылымындарда, интернет-ресурста жарияланған және радиоэфирде шыққан жұмыстар қабылданды. "Жылдың үздік фотосуреті", "Жылдың үздік репортажы", "Жылдың үздік аналитикалық материалы" сынды барлығы 11 аталым отандық журналистиканың әр саласын қамтыған. Байқау қорытындысы бойынша әрбір жеңімпазға "Үркер" естелік мүсіні мен бір миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық белгілі публицист, журналист Қайнар Олжайға берілді.
"Үш күнге созылған Astana Media Week жобасы халықаралық журналистиканың назарын елордамызға аударған ерекше іс-шара болды. Бүгінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында әлем журналистері бір арнада тоғысып, өз кәсіптеріне деген адалдықты кезекті рет дәлелдеп отыр. Онлайн форматтағы платформада әлемнің 16 мемлекетінің көрермендері үшін 50-ден астам халықаралық медиасарапшылар тәжірибелерін бөлісті. Және ең бастысы – біздің отандық журналистика деңгейі де әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткіздік.
Осындай ортақ алаңға өзара тәжірибе алмасып, озық үлгілерді үйрену журналистиканың біліктілігін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеретіні анық. Соның ішінде отандық медиа саласында одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенемін. "Үркер" ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Astana Media Week апталығы аясында өтіп отыр. Әрине, біз үшін қоғамдағы әр саланың өз орны бар. Соның ішінде журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегі өте зор. Әрбір еңбек лайықты бағасын алуы керек деп санаймыз. Біздің бүгінгі шарамыз да осы ниетпен өткізіліп отыр. Сондықтан біздің әділқазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шын таланттарға лайықты бағасын берді деп сенеміз.
Сондай-ақ, биылғы жылдың тағы бір жаңашылдығы қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртахза атына арнайы номинация тағайындалып отыр. Шерхан ағамыздың отандық журналистиканы дамытуға атқарған еңбегі мен қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан да, қазақ журналистикасының асқар шыңы саналатын Шераға атындағы марапатқа ие болу – кімде-кім үшін де зор мәртебе, биік жетістік деп білемін.
Пандемия кезінде қоғам тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқарған журналистиканың үздіктерін атап өтпеуге болмайды. Осындай қиын-қыстау уақытта өмірі мен денсаулығын тәуекелге қойып, елге шынайы ақпарат жеткізді. Әлі де жалғасын тауып жатыр.
Биыл "Үркер" ұлттық бәйгесіне 500-ге жуық өтініш түсті. Оның ішінде қоғам мен экономикадағы маңызды проблемалар жайлы айтылған сапалы материалдар да бар. Қазылар алқасына тәжірибелі отандық және шетелдік мамандар кірді", - деді Аида Балаева.
Отандық платформа АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, РФ сияқты медиаалпауыт мемлекеттердің ақпарат кеңістігіне шығып, пайдалы контентпен бөлісті.
"Үркер" ұлттық сыйлығы 11 номинация бойынша табысталып, жеңімпаздар 1 миллион теңге сыйақыға ие болды. "Үркер" сыйлығы 2017 жылдан бері баспа, радио және интернет-журналистикадағы үздік жұмыстарға, редакцияларға беріліп келеді. Биыл байқаудың 11 номинациясы бойынша 470 өтінім түскен.