"Адай" тұқымды қазақ жылқысының ерекше қасиеттері заңды түрде бекітілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Асыл тұқымды "Адай жылқысы" заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне "Адай жылқысы" брендін пайдаланудың айрықша құқығын растайтын куәлік табыс етілді.
2022 жылғы қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында адай жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тануды тапсырған болатын. Ол үшін Маңғыстауға Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сарапшылар жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтан өткізді.
Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, қазақтың адай жылқысының ерекшеліктері енді заңды түрде қорғалғанын айтты. Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге қазақтың адай жылқысының тұқымын сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ, сонымен қатар, ұлттық ойындарды, соның ішінде көкпар мен бәйгені насихаттауға ықпал етпек.
"Ұлттық зияткерлік меншік институты әрқашан ұлттық брендтердің қорғалуы мен сақталуын мұқият қадағалайды. "ҚазПАТЕНТ" географиялық ерекшелігіне қарай Алматы апортынан кейін "Адай" жылқысының тұқымын патенттеді. Тұқымның жаңашылдығы, ерекшелігі мен біртекітілігі, сонымен қатар, ғылыми, патенттік критерийлерге сәйкесті, оның ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан бөлек патент иесіне 30 жылдық қауіпсіздік мерзімі беріледі. Патенттер тек "Адай" тұқымына емес, оның 2 типімен мен 3 желісіне де берілді" - деді Айдын Артықова.
Қазақтың адай жылқысы Арал-Каспий ойпатының аумағында жергілікті жылқы популяциясының көпжылдық халық селекциясы негізінде қалыптасты. Бұл тұқымның жылқылары жергілікті қатал табиғи-климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Сыртқы ерекшеліктерге айрықша төзімді және күтіп-баптау жағдайларына тез бейімделеді. 2023 жылғы 4 қарашада Кендірлі ауылында өткен халықаралық турнирде адай тұқымды қазақ жылқысы өзінің ерекше қасиеттерін көрсетті. Онда қазақтың адай жылқысын Халықаралық ат спорты федерациясының алты төрешісі, оның ішінде БАӘ сарапшылары бағалады.
Бұл жарыста Көк Жебе есімді адай жылқысы 4 сағат 48 минут 36 секундта 100 шақырымдық қашықты жүріп өтіп, жеңіске жетті. Бұл жетістік жануарға алтын медаль мен бірінші орын әкелді. 2022 жылы жарыстарда қазақ жылқысының "Адай" тұқымы өзінің табандылығы мен айрықша мінезін көрсетті. Сол кезде Маңғыстаудан келген "Көкмойнақ" командасы адай жылқысымен 1200 шақырым жүріп өтіп, "Ұлы Дала жорығы" республикалық марафонында бірінші орынды иеленді. 2023 жылы осы марафонда маңғыстаулық адай жылқысының шабандозы Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды небәрі 98 сағат 44 минут 47 секундта бір атпен жүріп өтіп, рекорд орнатты.
Еске салайық, бұған дейін де Адай жылқысы ұлттық брендке айналатыны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!