Адай жылқысы ұлттық брендке айналады

Адай жылқысы ұлттық брендке айналады
Фото: "Хабар24"

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Адай жылқысына қатысты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік комиссия да құрылды. Ғалымдар мен ат спорты федерациясының өкілдері Маңғыстау облысының ауылдарын аралап, жылқы туралы мәлімет жинап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.

Адай жылқысы - қазақ бағзыдан салт мінетін жылқы тұқымы. Төзімділігі туралы түрлі аңыз-әңгіме көп. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия мүшелері облыстың барлық ауданын аралап, тың деректер жинады әрі жылқының генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді.

"Адай жылқысы, қазақы жылқы тұқымдары, мұның бәрі халық селекциясымен шығарылған. Бұл жерде нақты мына кісі жасады деп айта алмаймыз. Ең алдымен бұл селекциялық жаңа тұқым болып шығады. Ал кейін заңға қарай қалған авторларды қосуға болады", - дейді комиссия мүшесі Сейілхан Рахманов. 

Адай жылқыларына асыл тұқымды мал мәртебесін беру үшін аймақта бірнеше шара ұйымдастырылды. Бұл туралы мамандар облыс әкімімен кездесуде айтты. Енді арнайы акт жасалады. Артынша патент алу үшін құжат Ауыл шаруашылығы және Мділет министрлігіне жіберіледі. 

"Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына келгенде тапсырма берген болатын. Үлкен жұмыс атқарылды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың атқарған, ешкімнен құн сұрамай, ешкімге бәлденбей, аянбай, күндеп, сағаттап, айлап, жылдап атқарған істерінің нәтижесі міне қазір ресми талаптарға рең алып келе жатыр. Сол енді реттелуі керек. Адай жылқысы ұлттық брендке айналады. Сондықтан тұлпар туралы аңыздың ақиқатқа айналар күні алыс емес", - деді өңір әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова