Алматыдағы жер сілкінісі кезінде адамдар ойланбастан 2-3 қабаттан секіріп, зардап шекті. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін жер сілкінісінен 44 адам зардап шеккені хабарланған.
"Бұл жағдайда ТЖМ-ның барлық қызметінен бастап әкімдікке дейін және басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істеді. Бақытымызға орай қаза тапқандар жоқ, айтарлықтай шығын жоқ. Бірақ зардап шеккендер бар. Уақытында ақпарат алмаған және нақты не істерін білмеген адамдар дүрбелеңге бой алдырды. Олар ойланбай істеген әрекетінен зардап шекті, яғни 2,3 қабаттан секірді", - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Премьер-министр қазақстандықтарға шұғыл ақпарат дер кезінде берілуі керек еді деген пікірде. Осыған байланысты ол шенеуніктерге ескерту жасады.
"Бұл құлақтандыру жүйесін ертерек іске қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарлама жіберу керектігін көрсетеді. Мұндай жағдайда адамдарға нақты істеу керектігі туралы нақты ақпарат беру керек. Барлық сейсмикалық қауіпті аймақта оқу-жаттығулар жиі өткізу керек деп санаймын. Халық іс жүзінде іс-қимыл алгоритмін білуі керек", - деді Үкімет басшысы.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген.
Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.
Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды
Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.
"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!