Абай облысында балалар лагерьден шұғыл эвакуацияланды

Абай облысындағы табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өрт туралы хабарлама түскен алғашқы минуттардан бастап полицейлер лагерьге шұғыл жетіп, эвакуация жұмыстарын бастаған.

Қазір полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.

"Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар жабылды, арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтап, эвакуацияланған тұрғындардың мүлкін күзетеді. Жұмыс Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Қорғаныс министрліктері және басқа да қызметтермен бірлесіп, тәулік бойы жүргізіледі", - деді ІІМ өкілдері.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды төтенше жағдайлар қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатқаны, бұл жұмысқа авиация тартылғаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!