- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Xiaomi компаниясы смартфондар...
Xiaomi компаниясы смартфондар сатылымы бойынша әлемде үшінші орында
Strategy Analytics сараптамалық агенттігі зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қытайлық Xiaomi компаниясы смартфондар нарығында Samsung мен Apple компанияларынан кейінгі үшінші орынды иемденіп отыр, - деп жазады Bloomberg.
Оңтүстіккорейлік корпорация ағымдағы жылдың үшінші маусымында 79,2 миллион смартфон сатып үлгерген. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылғы статистикаға (88,4 миллион) қарағанда біраз төмен болып келеді. Ал Силиконды Алқаптағы Apple компаниясы 2013 жылы 33,8 миллион iPhone смартфондарын сатқан болса, бұл жылы гаджет саны 39,3 миллионға көтерілген. Соңғы кездері Apple компаниясы өзінің жаңа смартфондарының сапасына байланысты біраз қиындыққа тап болып отырғанымен, сатылым деңгейі тек өсе берген.
Ал Xiaomi болса өз деңгейі бойынша өте үлкен көрсеткішке жетіп отыр. Аталған компания алдыңғы жылы шілде мен қыркүйек айлары арасында 5,2 миллион смартфон сата алған болса, бұл жылы сандық нәтиже 18 миллионға жеткен, яғни төрт есе өсімді алып отыр. LG және Huawei компаниялары да үздік нәтижелерге қол жеткізгенімен, Google-дің маркетингті жүрісі арқылы Xiaomi оларды басып озған.
Ал жалпы тұрғыдан алып өндірушілердің нарықтағы пайыздық мөлшерлеріне келер болсақ, Samsung нарықтағы соңғы маусымда 10,3 пайызын жоғалтып алған. Силикондық компанияның нарықтағы үлесі 1,7 пайызға өскен. Толық сараптамалық жұмыс бойынша смартфондар нарығы 27 пайызға өсіп, үшінші маусымда сатылған смартфондар саны 320,4 миллион данаға жеткен.
Сурет: www.pcworld.com
Ж. Өрісбай