Бұған дейін әнші ретінде танылған Рүстем Жүгінісов хиджаб киіп жүрген қыздарға сын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, қазір әлеуметтік желілерде хиджаб киіп, билеп-секіріп жүргендер көп.
"Соңғы кезде көп видео байқап кеттім. Instagram-ды ашып қалсаң, біздің қазақтың қыздары хиджаб киіп алған, неше түрлі әндерге секіріп билейді. Біреудің дауысын қойып қояды да, соған аузын жыбырлатады. Бетін былай жақындатып түсіндіреді. Сіздердің әдеміліктеріңіз күйеулеріңізге. Әдеміліктеріңізді күйеулеріңізге сақтаңыздар. Сіздерге қанша көз қарайды, қанша еркектердің шахуаты оянады, қанша көз зинасына ұшырап жатсыңдар. Хиджаб - деген құлшылық, әуретті жабатын жаулық. Құлшылықты ойынға айналдырып, неше түрлі TikTok түсіріп, билеп секіруді қойыңыздар. Хиджабтағы әпке-қарындастарға насихат! Ұнаса да, ұнамаса да ащы шындықты қабыл алыңыздар! Солай өзін танытып жүрген блогер ухтиларға жіберіңіздер, мүмкін пайдам тиіп қалар. Кейде адамдардың разылығын іздейміз деп, Алланың разылығынан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан да адамдарға жағамыз деп, Аллаһ Тағаланы ашуландырып алмайық!!! Көбіне жек көрінішті болсам да, шындықты айтуды жөн көрдім!" - дейді ол.
Желі қолданушылары екі түрлі пікір білдірген. Бір тобы оның пікірін қолдаса, енді біреулер қазақ қыздары ертеде хиджаб кимегенін жазған.
"Əуретті жерлеріңді жап" дейді. Ол деген сөз - ұятты жерлеріңді жап дегені. Сенің басың, бетің ұятты жер емес қой. Ол құдайдың жаратқаны. Ұятты жер мына мойыннан төмен жақ. Қазақ онсыз да ол жерін ашып шашқан жоқ. Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға деген сондай əдемі бас киімдер болған. Сонда не мұсылман болады екенбіз деп соның бəрін жерге көмуіміз керек пе? Ананың барлығы арабтардыкі", "Аллаһ разы болсын", "Неге біздің қазақтар хиджаб кимегенін айтпайды екен ол негізі арабтың киімі топырақтан шаңнан қорғанып киінген, одан қалды қазақша сөйлейікші", "Қазақ хиджаб кимеген ешқашан. Әжелеріміз бастарына жаулық ораған. Хиджабты киіп алып арабқа еліктемеңдер", "Мен діни мемлекетте емес, зайырлы мемлекетте тұрып жатырмын және әрі қарай да солай болғанын қалаймын. Ал мынандай әңгімелерді естігенде, бөтен біреудің бөтен біреуге ақыл айтқанын заңсыз деп санаймын", "Өте орынды айтылған 100 пайыз келісемін, орамал әйелдің, қыз балалардың құранда көрсетілген тәжісі", - деп жазған олар.
Айта кетейік, танымал тележүргізуші Динара Сәтжан хиджабқа қатысты ойын білдірген болатын.
"Өз басым дәстүрлі қазақы исламды қолдаймын. Жұма күні - шелпек. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Кейінгі ұрпаққа жеткізетін тарихымыз бар. Санаулы онжылдықтар, тіпті жылдардан кейін қазақ қыздары қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Қалайтынымыз сол ма? Сондықтан бұл мәселені көтергім келіп отыр. Себебі блогерлерге хиджаб кию үшін қомақты ақша ұсынылғанын естідім. Бұл мені қорқытады", - деп жазған еді ол парақшасында.
Оның бұл мәлімдемесі қоғамда дау туғызды. Кейінірек Баян Мақсатқызы да оранған қыздар тақырыбына қатысты пікір білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Рүстем Жүгінісов басқа жолды таңдағанын, әншіліктен кеткенін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!