TikTok-қа тыйым салынуының салдары мен пайдасы қандай?

Жуырда Қазақстанда TikTok бұғатталуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Бүгінде TikTok тез танымал болудың құралына, тіпті кәсіпкерлер үшін сауда алаңына айналғаны жасырын емес. Дегенмен бір нюанс бар. Бұл желіде ақпарат ешқандай сүзгіден өтпейді. TikTok қолданушысы түрлі ақпаратты шолып шығуы мүмкін.

Massaget.kz тілшісі сарапшылардан TikTok-қа тыйым салынуының қандай салдары мен пайдасы болатынын сұрады.

Әлем елдеріндегі тәжірибе қандай?

2020 жылдан бастап Үндістан "ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді" деп TikTok-қа толық тыйым салған. 2018 жылы Индонезия уақытша шектеу қойған. 2021 жылы Өзбекстан TikTok-қа тыйым салды. АҚШ Үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Қытай балаларға "арнайы бала TikTok" контентін ұйымдастырды. Қытайда балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған.

Қырғызстанда да TikTok әлеуметтік желісі бұғатталатын болды. Бұл ақпаратты Қырғызстанның цифрлық даму министрлігі растады. Бұған дейін Қырғызстанның интернет-провайдерлеріне байланыс саласындағы реттеу және қадағалау қызметінен ел аумағында TikTok-қа кіруді шектеу және 18 сәуірге дейін жазбаша жауап беру туралы хат түскен. Министрлік бұл шаралар Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті хатының негізінде қабылданғанын түсіндірді.

depositphotos.com / rokas91

"Шешім шығаруға TikTok тарапынан"балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" ҚР заңын сақтамау негіз болды. Заңда балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат түрлері анықталған", - деп жазылған еді хабарламада.

Қырғызстан Мәдениет министрлігі былтыр тамызда да TikTok-ты бұғаттау туралы өтініш жолдаған болатын.

Қазақстанда бұл мәселе қайдан шықты?

Осы ақпараттардың артынша Қазақстанда да TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесі қаралатыны айтылды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге "Қазақстанда TikTok бұғаттала ма?" деген сұрақ қойылды.

gov.kz

Аида Балаева мәселе әлі талқыланатынын жеткізді.

"Қазақстанда (Tik Tok-ты - еск.) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқықбұзушылық дерегі көбейіп кетті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бұл біздің ұлттық қауіпсіздімізге (қауіп төндірсе - еск.), әлбетте осындай шараларды қабылдауға тура келеді. (TikTok-ты бұғаттау - еск.) шешілген мәселе емес. Ол әлі қарастырылады", - деді ведомство басшысы.

Кейін Қазақстандағы TikTok өкілі министр Аида Балаеваның сервисті бұғаттауға қатысты пікіріне жауап берді.

"Мәдениет және ақпарат министрлігінің TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына таңғалдық, өйткені министрлік Қазақстандағы "Наурыз" онлайн фестивалі және қысқа бейнефильмдердің шығармашылық байқауы сияқты көптеген бастамамызды қолдайды. Өткен жұмада Мәдениет министрлігінің өкілі іс-шарада сөз сөйлеп, мәдениетті және басқа да пайдалы мазмұнды ілгерілетуге көмектесетін TikTok-ты мақтады", - деген еді ҚР TikTok өкілі.

Сондай-ақ, өкілдік қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.

"Былтыр біз ережелерді бұзуға байланысты Қазақстанда 4 миллионнан аса видеоны өшірдік. Біз Қазақстан Республикасының мүдделі органдарымен, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен және Ішкі істер министрлігімен тікелей жұмыс істейміз", - деді өкілдер.

Депутаттар қандай уәж айтты?

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та Қазақстанда TikTok желісін шектеуді ұсынды. Саировтың сөзінше, 2 жылда TikTok-қа 14,1 миллион адам тіркелген. Оның пікірінше, әлеуметтік желілер балалардың денсаулығы мен психикасына теріс әсер етіп жатыр.

"Балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырап жатыр. ...Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды", - деді Ерлан Саиров.

depositphotos.com/ dimarik

Сарапшылар пікірі қандай?

Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғаттың айтуынша, әлеуметтік желіні бұғаттау - қате шешім.

"Әлеуметтік желіге тәуелділік ол салдары ғана. Себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, уақытты дұрыс жоспарлай алмау, дұрыс мақсаттың болмауы, эмоциялық интеллектті дамытпау және толып жатқан басқа да себептер. TikTok қазір басқа да әлеуметтік желілер сияқты танымал желілердің біріне айналды. Сондықтан оны белгілі бір кіріс көзіне айналдырған кәсіпкерлер көп деп айта аламыз. Сондықтан, әрине, шағын және орта кәсіптегі адамдарға зияны тиюі мүмкін", - деді сарапшы.

IT саласындағы маман бұл желінің балаларға зияны барын жасырмады.

"Балаларға, әрине, қауіпті. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, біз салдарымен емес, себебімен күресуіміз қажет. TikTok - себеп емес, салдар. TikTok болмаса да, басқа да зиян желілер толып жатыр. Сондықтан цифрлық сауаттылық, уақытты тиімді пайдалану, дұрыс мақсат қою, пайдалы әрекеттермен шұғылдану деген сияқты әдеттерді қалыптастыруға өзімізді тәрбиелеуіміз қажет", - деді маман.

depositphotos.com / rafapress

Әлеуметтік желі саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар Нұржан Рысбеков TikTok-ты бұғаттау идеясын құп көрмейтінін, тіпті бұл мәселе қайдан шыққанын түсінбейтінін айтты.

"TikTok - көп адамға жұмыс тауып беріп отырған платформа және ешбір тамыр-танысы жоқ жас таланттардың өзін танытуға үлкен мүмкіндік беретін жер. TikTok арқылы талай әлеуметтік мәселе де оң шешімін тауып жатыр. Әрине, арандататын контенттер де жоқ емес, бірақ біз мұндай нәрсемен блоктау арқылы күресе алмаймыз. Бізде көбіне "баларды қорғау" мақсатында деген желеуді пайдаланып, бұғаттағысы келеді. Бірақ баланы тәрбиелеу әлеуметтік желілердің ісі емес, ол - әрбір ата-ананың тікелей міндеті. Меніңше, TikTok балаларға кері әсерін тигізеді деу - жауапкершілікті басқаның мойнына іле салу", - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Tiktok-ты бұғаттаудың пайдасынан гөрі тигізер салдары көп.

"Tiktok-ты бұғаттаса, әрине, біз ұтыламыз. Осы арқылы күн көріп отырған халық ұтылады. Қаншама бизнес осының арқасында көгеріп отыр. Қаншама адам тек өзінің ауылында емес, осы арқылы әлемге танылып отыр. Тағы бір айтатын нәрсе, оны бұғаттаса халық кірмейді деген сөз емес, бұғатты айналып өтетін арнайы VPN бар. Бірақ VPN бұғатталған сайттарға кіруге мүмкіндік бергенімен қатар, бізден жеке ақпараттарды ұрлауы да мүмкін. Түптеп бұғаттап тастау мүмкін емес, сондықтан бұл істен мән көріп тұрған жоқпын. Жақында үнді елінде болдым, ол мемлекетте де бұғаттап тастаған екен. Бірақ жергілікті халықтың барлығы Tiktok-та отырады. Қиындатып қайтеміз?" - дейді ол.

Қазақша әлеуметтік желінің сарапшысы Жанасыл Болатбек те кез келген дүниені тыйым салумен шешу қате деген пікірде.

"Салдарымен емес, себебімен күресу керек. Технологиялар заманында әлеуметтік желілерге тыйым салмай, оларды дұрыс бағытта қолданса, сол пайдалы болады. TikTok - ақпарат жеткізуде өте жеңіл құрал. Ол жерде ақпаратты қабылдау да, дайындау да өте оңай. Сондықтан сауда-саттық, жеке адам имиджі, танымал болу - барлық салада бірінші кезекте. Оған тыйым салынса, бұған дейін қалыптасқан жүйені толықтай бұзады, екіншіден, ол жердегі тұтынушылар, қолданушылар заңдылық бойынша Instagram, YouTube-қа қарай көшеді. Өйткені ол жақта да TikTok-тың алгоритмі сияқты дүниелерді енгізіп жатыр. Демек айтарлықтай ештеңе өзгертпейміз, тек тұтынушылардың алаңын ауыстырамыз. Жалпы әлеуметтік желіні дұрыс игеру, ақпараттық сауат, ақпараттық иммунитет деген дүниені мектептен бастап енгізу керек. Сол кезде бізде психологиясы мықты, ешкімге ермейтін, ерме емес ұрпақ қалыптасады", - деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін "TikTok желісі бұғаттала ма?" деген сауалға медиа-мамандар жауап берген еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз