TikTok желісі бұғаттала ма? - Медиа-мамандар жауабы

TikTok желісі бұғаттала ма? - Медиа-мамандар жауабы
Фото: midjourney

Кеше мәжіліс мінберінде депутат TikTok желісін бұғаттау керегін айтып, үкіметке кезекті сауалын жолдады. Ақпарат тарай сала қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі бұл платформа контенттің дамуына теңдессіз мүмкіндік десе, бірі балаларға зиянын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жалпы TikTok-ты бұғаттау туралы ұсыныс бұған дейін де мәжіліс қабырғасында көтерілген. Былтыр сәуірде "қазіргі балалар ақпарат тасқынының тұтқынына айналған" деп депутат Аманжол Әлтай мәлімдеген болатын. Артынша жыл басында Сенатор Алишер Сатыбалдиев Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Депутат желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін айтып,  4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын желіні тамашалаумен өткізетінін атап өткен еді.

"Еуропа мемлекеттерінің бірқатар елінде жүргізілген арнайы тексерістер нәтижесінде платформада балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіндігі анықталып, Еуроодақ тарапынан желіге қатысты 368 млн доллар шамасында айыппұл салынған. Ал АҚШ – 5 млн доллар, Нидерланды – 750 мың еуро, Ұлыбритания – 15 млн еуро көлемінде айыппұл салған. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан желіні өз аумағында толық бұғаттап құтылды", – деп дәлел келтірген еді Сатыбалдиев.

Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғат TikTok-ты бұғаттағаннан ештеңе шешілмейтінін айтады.  

"Тыйым салынады деп ойламаймын. Себебі Қазақстанда көптеген кәсіп иелері мен блогерлер осы платформа арқылы қомақты табыс тауып отыр. Егер TikTok желісіне тыйым салынса кәсіпкерлікке айтарлықтай зиян келмек. Салдарынан мемлекетке салық аз түседі. Біраз адам жұмыссыз қалуы мүмкін.  Екіншіден, мәселе тек TikTok-та емес, мәселе адамның тәрбиесінде жатыр. Егер адам заман ағымына сай әлеуметтік желідегі артық ақпараттан өзін тежей алмаса, уақытын тиімді пайдалана алмаса, оған желінің ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан адам өз назарын басқарып, уақытын шынайы өмірге жұмсап үйренуге тиіс. Мәселен, қолда бар статистика сүйенсек, дамыған елдердің жастары TikTok желісіне қатты әуес емес. Яғни сол елдерде балаға білім алатын жерінде, отбасында дұрыс тәлім-тәрбие беріледі деген сөз. Сол себепті әуестікті азайту қажет. Қауіп бізде - тәрбиенің жоқтығынан болып отыр. Меніңше, нақты қоғамға зиянын тигізіп отырған каналдарды бұғаттау қажет, ал түгелімен шектегеннен нәтиже болмайды. Мемлекет осы тарапта келіссөзге баруға тиіс деп білемін", - деді Google корпорациясының Қазақстандағы агенті.

 Dijital медиа-маман Жанасыл Болатбек неге желіні түбегейлі шектеуге болмайтынын былай түсіндірді.

"Алдымен әлеуметтік желінің басты мақсатты не екенін түсініп алуға тиіспіз. Ол - қолданушыны барынша өзінде көп уақыт ұстап тұру. Жыл өткен сайын желі алгоритмдері өзгеріп, осы мақсатта жетіліп келеді. Қазіргі таңда мұны ең сәтті орындап желілердің бірі - TikTok желісі. Енді TikTok желісін жауып тастау мәселені шеше ме? Әрине жоқ. Ол жердегі қолданушылар дым болмағандай алгоритм ұқсас Instagram секілді желіге шоғырланады.  “Ойбай, тикток жоқ, енді сабақ оқитын болдым"  деген әңгіме болмайды. Жалпы, мәселені түбегейлі шектеумен шешу - күлкілі дүние. Дұрысы, сәл зерттеу жасап, дұрыс бағытта жұмыс жасау керек", - деді  Жанасыл Болатбек.

Медиа маман ең алдымен балалардың цифрлық сауатын ашу керегін айтады. Айтуынша, балаларға желіні дұрыс пайдалана білуді ерте жасынан үйрету қажет. Оның ішінде уақыт, сараптама, шынайы ақпараттың не екеніне бала күнінен көз жеткізген жөн дейді.

Еске сала кетсек, кеше Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да желіні бұғаттауға қатысты пікірін айтқан болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Ордабаев