Samsung компаниясы Galaxy Tab S2 планшетін таныстырды

Samsung компаниясы Galaxy Tab S2 планшетін таныстырды
Фото: phonearena.com

Оңтүстік кореялық компания Galaxy Tab сериясымен шығатын планшетінің келесі нұсқасын ресми түрде таныстырды. Жаңа планшеттердің көлемі бірінші нұсқаға қарағанда біраз қысқартылған.

Galaxy Tab өткен жылы сатылымға екі нұсқамен шыққан болатын. Девайстың AMOLED-экранмен жабдықталуы көптің назарына бірден іліккен еді. Көп өтпей бұл өнім компанияның ең ұтымды коммерциялық жобасына айналады. Сондықтан планшеттің екінші нұсқасының ішкі құрылымына ең жоғары сападағы бөлшектер енгізілді.

Tab S2 планшеті де Super AMOLED экранымен жабдықталып, 8 және 9,7 дюймді екі нұсқада жарық көрді. Ішкі құрылымына тоқтала кетсек, аппарат Exynos 5433 8 ядролы процессор негізінде жұмыс істейді. Негізгі жады – 3 ГБ, қосалқы жады 64 ГБ көлемді құрайды. Сондай-ақ, негізгі камерасы – 8 МП, ал алдыңғысы небәрі 2,1 МП сапаға ие болған.

Планшеттің екі нұсқасы да ақ және қара түсті болып сатылымға шығады. Айта кетсек, девайстың сыртқы корпусы металдан жасалса да, небәрі 5,6 мм қалыңдыққа ие. Galaxy Tab S2 планшеті тек тамыз айының ортасында жаппай сатылымға шығарылмақ. Әлемдік нарықтағы ресми бағасы әзірге айтылмағанымен, инсайдерлердің хабарлауынша, кіші модель – 399 еуро, ал үлкен нұсқасы – 499 еуро көлемінде болмақ. 

Ж. Өрісбай