Respublica партиясы Сырымбек Таудың не себепті Мәжіліс сайлауына қатыспайтынын түсіндірді

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Сырымбек Таудың не себепті Мәжіліс сайлауына қатыспайтынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Партияның хабарлауынша, Сырымбек Тау Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптардың кейбіріне сай келмегендіктен, сайлауға жіберілмеді.

"Сырымбектің сайлаудан шеттетілгеніне қатты қынжыламыз, кеше айтқанымыздай, бұл жаңалық бізге үлкен соққы болды. Соған қарамастан, Сырымбек сынды мықты үміткер жарыс жолыннан шығып қалса да, Respublica партиясы берілмейді, күресті әрі қарай жалғастырады. Мұндай оқиғалар бізді тек шыңдап, күш береді және жеңіске ынталандырады", - деді партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.

Сонымен бірге Сырымбек Таудың алдағы уақытта да партияның іс-шараларына белсене араласатынын, үгіт-насихат кезеңінде де, сайлау кезінде де, одан кейінгі кезеңде де партиямен бірге болатынын хабарланды.

"Сырымбектің бұдан былай не істейтіні туралы келіп түскен хабарламалардың көптігіне байланысты оның Respublica партиясы көшбасшыларының, біздің жеті тең төрағамыздың бірі, сондай-ақ идеологиялық рухтандырушы және ынталандырушы болып қала беретінін айтамыз!", - делінген хабарламада.

Сайлауға Respublica партиясынан бір мандатты округтен екі депутат қатысады. Олар Махамбет Хасенов және Назигүл Шаймарданова. Партияның кезектен тыс І-съезі кезінде бір мандатты округтен 4 кандидат ұсынылған еді.

Алайда құжаттар ОСК-ға тапсырылғанға дейін Бағила Балтабаева жеке себептермен қатысудан бас тартқан. Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау Алматыдағы №3 аумақтық сайлау округінен ұсынылған. Бір күн бұрын партия оны округтік сайлау комиссиясы сайлауға қатысудан шеттеткенін хабарлады.

Еске салайық, Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 еді), оның 69-ы партиялық тізім бойынша, ал 29-ы бір мандатты округтер арқылы таңдалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!