Сырымбек Тау Мәжіліс сайлауынан шеттетілді

Сырымбек Тау Мәжіліс сайлауынан шеттетілді
Фото: instagram.com/syrymbek_tau

Орталық сайлау комиссиясы бүгін, 14 ақпанда Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауды Мәжіліс сайлауына қатысудан шеттеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы партия әлеуметтік желілердегі парақшаларында мәлімдеді.

"Бәлкім, формальдық дүние өте маңызды шығар, бірақ ол өте лайық кандидат болды. Сырымбек нөлден бастап жеке кәсібін ашып, 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып, мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген", - делінген партияның мәлімдемесінде.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров болған жағдайға қарамастан, Respublica партиясы берілмейтінін, күресті жалғастыратынын айтты.

Еске салайық, Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 еді), оның 69-ы партиялық тізім бойынша, ал 29-ы бір мандатты округтер арқылы таңдалады.

Сайлауға жеті партия Amanat, "Ақ жол", Қазақстан халық партиясы, "Ауыл", Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, "Байтақ" және Respublica қатысады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан