Apple экологиялық таза компаниялар тізімінде көш бастады

Apple экологиялық таза компаниялар тізімінде көш бастады
Фото: www.datacenters.com

Қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын Greenpeace ұйымы жыл сайынғы «жасыл» компаниялар тізімін іріктеді. Аталған тізімде купертинолық Apple компаниясы алдыңғы орыннан табылған.

Шындығында алып корпорацияның экология тазалығы үшін атқарған еңбегі орасан зор. Тим Кук АҚШ фермаларын Күн батареяларымен қамтамасыз етті. Одан бөлек, әлемнің көптеген орман алқабының кесіліп кетпеуі үшін қомақты қаржы бөліп отырды. Сондықтан Apple компаниясы тізімде көш бастап тұр.

Жасыл ұйымның баяндамасында жалпы Купертино қаласының альтернативті энергия көзіне бейімделіп жатқаны туралы айтылады. Америкалық компания бұл салада көбіне Күн электр станцияларын салуға бет бұруда. Сонымен қатар, компания мамандары барлық тұтынатын заттың экологиялық таза жолмен дайындалғанына мән берумен келеді. Тіпті компания қажетіне тұтынатын целлюлоза өнімдерінде биомасса көбірек қолданылады екен.

Осы сынды нәтижелер ескеріліп, Apple компаниясына «100% экологиялық таза компания» атағы берілді. Ал екінші орынды 73%-дық көрсеткішпен Yahoo! компаниясы иеленіп отыр. Аталған компания көмір мен атом энергиясын пайдаланғаны үшін рейтингте төмендеп кеткен. Ал үшінші орынды Facebook компаниясы еншіледі. Әлеуметтік желі 49% экологиялық форматқа сай келген. Цукербергтің экологиялық жобасы Apple компаниясына бәсекелестік тудыра алмады. Ал тізімнің кейінгі орындарында Google (46 %) мен Microsoft (39 %) орныққан.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың жеңімпазы Greenpeace рейтингінде осыған дейін де белсенділік таныта алған. Ал Apple бәсекелестері толығымен экологиялық өмір сүру стиліне ауысуға асығар емес.

Ұқсас жазбалар: 

Apple қызметкері Beretta мылтығының дизайнын жасады

Apple нәзік жандыларға арналған iPhone шығармақшы

Ж. Өрісбай