Adidas фитнес-қосымша шығаратын компанияны сатып алды

Adidas фитнес-қосымша шығаратын компанияны сатып алды
Фото: www.stuff.com.tr

Спорттық киімдер мен жабдықтарды шығарумен айналысатын Adidas компаниясы 240 миллион АҚШ долларына фитнес-қосымшаларды құрастырушы Runtastic стартапын сатып алды. Бұл туралы Business Insider интернет басылымы хабарлады.

Бүгінгі IT-нарықта фитнес-қосымшалар мобильді өнімдер арасында ең жылдам өсіп келе жатқан сегмент болып саналады. Сарапшылардың болжамына орай, 2017 жылға дейін фитнес-қосымшалардың табысы 26 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Adidas басшысы Герберт Хайнер Runtastic сынды қосымшалар компанияның әлемдік деңгейдегі спорттық тәжірибеге ие болып, тұтынушылардың көңілінен шығуға көмектесетінін айтады. Расында бүкіл әлем онлайн платформаға бейімделіп жатқанда, спорттық үлгіде киім шығаратын компаниялар шектеліп қалмасы анық. Айта кетсек, Nike компаниясы өзінің Nike+ қызметін дамытып жатса, Under Armour ағымдағы жылдың ақпан айында 475 миллион АҚШ долларына MyFitnessPal фитнес-қосымша құрастырушы-компанияны сатып алды.

Runtastic компаниясы 2009 жылы Аустрияда құрылған. Қазіргі кезде аталған компания бағдарламалаған 20-дан астам қосымшаны әлемнің 70 миллион тұрғыны қолданады. Сонымен қатар, Runtastic фитнес-білезіктер де шығарады. Сондықтан құрастырушы компания Adidas Group корпорациясының ішінде жеке өндіруші болып қалады. 

Ж. Өрісбай