Adidas бренді қалай құрылды?

Adidas бренді қалай құрылды?
Фото: www.footandball.net

Аты әлемге әйгілі спорт киімдерінің брендінің негізін Адольф Дасслер есімді неміс азаматы қалайды. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жұмыссыздық кезінде қара қазанды қайнату үшін аяқ киім тігумен айналыса бастайды. Алғашында ол ескі әскери киімдер мен автомобиль шинасынан спорттық аяқ киімдер тігуді жолға қояды.  

1924 жылы ағайынды Адольф пен Рудольф Дасслерлер "Ағайынды Дасслерлер аяқ киімі" фабрикасын құрады. Кішігірім концерн футболға арналған бутсы ұсынған еді. Адольф өзі футболға қатты қызығатындықтан, бутсының астына темір тірегіштерді қойып шығарады. Бұл ойыншының шөпте таймауын қамтамасыз ететін еді.

1927 жылы Дасслерлер бизнесінің 25 қызметкері болып, күніне 100 жұп аяқ киім шығаратын деңгейге жетеді. Ал 1928 жылы Амстердамда (Нидерланды) болған Олимпиада ойындарында бірнеше спортшы Дасслерлердің өнімін киіп, жарыста өнер көрсетеді.

Екінші дүниежүзілік соғыста ағайындылар соғысқа аттанады. Көп өтпей Адольф неміс билігінің бұйрығымен фабрикаға оралады. Ол әскерлерге арналған спорттық киім дайындауы тиіс болатын. Ал Рудольф тұтқыннан аман қалып, соғыс аяқталғаннан кейін оралады.

1948 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін ағайындылар компанияны бөліп алуды ұйғарады. Адольф өз компаниясын Addas (Ади Дасслер), ал Рудольф Ruda деп атайды. Кейіннен екі атау да біршама өзгереді. Addas брендтік атауы Adidas, ал Ruda – Puma болып ауысады.

1954 жылы немістің ұлттық құрамасы Адольф ұсынған астында темір тірегіші бар бутсыларды киіп, өнер көрсетеді. Венгриямен болған матчта жаңбыр жауып, алаң тайғақ болады. Адольфтің өнімі бұл жағдайда ұтымды мүмкіндікті берген болатын. Ал 1960 жылы Рим қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысқан жеңіл атлеттердің 75%-ы Adidas өнімдерімен жарысқа қатысады.

Аты аңызға айналған компанияның негізін салушы Адольф Дасслер 1978 жылы 78 жасында өмірден озады. Ол кезде Adidas фабрикаларында жылына 45 миллион жұп аяқ киім шығарылатын еді. 

Ж. Өрісбай