“60 рет пышақ cұққан“. Сұлтан Сәрсемәлиев сотта тосын мәлімдеме жасады

“60 рет пышақ cұққан“. Сұлтан Сәрсемәлиев сотта тосын мәлімдеме жасады
Фото: Tengrinews.kz

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бүтін бір отбасының өліміне қатысты басты сот талқылауы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу нұсқасы бойынша айыпталушы - осы отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев, ол марқұмдарға 60-қа жуық пышақ жарақатын салған.

28 мамырда айыптау актісін оқу барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жәбірленушілерге ас үй пышағымен көптеген жарақат салғанын мәлімдеді.

Мәлімет бойынша жұбайының әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет, ағасы Наурыз Мұқанғалиевке 10 рет, отағасы Мақсот Қарабалинге 9 рет пышақ сұғылған, ал анасы Нәсіп Өтешқалиеваға 8 соққы жасалған.

Сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мейрамгүл Қарабалинаны, сондай-ақ, жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін растады.

Дегенмен ол Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі жоспарланбағанын алға тартты. Айыпталушының айтуынша, ол өзін қорғау мақсатында және жәбірленушінің өзі себеп болған жанжал кезінде оған ауыр жарақат салған.

Tengrinews.kz

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Сот отырысы

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget