- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 57 градус ыстықта...
57 градус ыстықта 250 шақырым: шөлдегі "өлім жарысына" қатысқан қазақстандық жұртты таңғалдырды
Желаяқ, кәсіпкер, журналист Еренғайып Қуатайұлы Африка шөлінде 57 градус ыстықта 250 шақырым жүгіріп өтті. Қазақстандық "өлім жарысы" туралы естелігін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желаяқтың айтуынша, 2018 жылы салмағы 90 келіден асқанда жүгіруді қолға алған. Әйгілі марафоншы Тимур Артюхинмен алты ай жаттығып, Каппадокияда 63 шақырым ультрамарафон жүгіріп өткен.
"Алғашқы күні бірге жүгіріп келе жатып, аяғыма бір қарады да "қолыңнан келеді" деді. Ертеңінде электрон поштама "Забег в пустыне" деген фильм жіберіп, Мэт Фицджеральдтың "Бег по правилу 80/20" және Скотт Джуректің "Ешь правильно, беги быстро " кітаптарын оқуымды жазыпты. Фильмді жатар алдында көрдім де таң атқанша ұйықтай алмай шықтым. 40 градус ыстық шөлде 250 шақырым жүгірген адамдардың жігеріне таңдай қағумен таң атырдым. Әсері соншалық, бұл өмірде істейтін ісімнің бірі болсын деп миыма сақтап қойдым. Ми қатпарында жатқан сол жоспарымды араға алты жыл салып, жақында жүзеге асыруға орай туды. Жұмыр жердегі ең ежелгі Намиб шөлін жүгіріп өттім. Біздің эрамызға дейін 500 миллион жыл бұрын пайда болған Африкадағы бұл шөлге табаным тиді", - дейді ол.
Желақтың айтуынша, Racing the planet 20 жылдан бері әлемдегі ең айырықша 4 шөлде жарыс өткізіп келеді. Оны 4 deserts деп атайды екен.
1. Namib race - Намибия
2. Govi marsh - Моңғолия
3. Atacama crossing - Чили
4. Antarctica race
Еренғайып Қуатайұлы жарысқа қатысудың шарттары мен жарыс межеіне қалай жеткенін еске алды.
"Ыстамбұлдан шыққан ұшағымыз 9 сағат ұшып, Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласына қонды. Кейптауннан солтүстікке қарай 2,5 сағат ұшып, Намибияның Уолвиш-Бей қаласына жеттім. Күн ыстық. Мидай жазық. Қып-қызыл құм. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Күн шағырайып төбемде тұр. Бейне бір марсқа келгендеймін. 50 келі екі чемоданым бар, такси ұстауға тура келді. Марафонның негізгі миссиясы - қайырымдылық жасау. Балаларға алып келе жатқан киім-кешек. 40 минутта Свакопмунд қаласына жетіп алдым. Ертеңінде ұйымдастырушылар ультрамарафонның шартын, ережесін тағы бір мәрте көзбе-көз таныстырып өтті. Содан кейін қатысатын 147 марафоншының сөмкесін шашып, болуға тиісті заттарды мұқият тексерді. Компас, айна, ысқырық сынды жоғалсаң табылуға көмек болатын бұйымдардан бастап, көрпе-жастық (спальный мешок), алғашқы жедел жәрдемге қажет дәрі-дәрмек, алты күн ішіп-жейтін тамағың, түнде күн суыса киетін жылы киім сынды ұзын-ырғасы 35 түрлі аса қажетті заттарды арнайы комиссия көзбен көріп, қолмен ұстап шықты. Егер бірі жоқ болса я болмаса талапқа сай болмаса жарысқа кіргізбейді. Сол үшін бұған ерекше дайындықпен бардым. Затымның барлығы талапқа сай болып шықты. Сөмкем тура он келі болды. Содан кейін дәрігерлер тобы денсаулығымды тексерді. Бәрі дұрыс. Келісім шартқа қол қойдым. Қазақша түсіндірсем, "өлсем, құным жоқ" деген құжат бұл. Сөре нөмері қолға тигенде "үһ" дедім. Ең аяғында, техникалық топ сөмкеме JPS байлады. Егер төтенше жағдай болған жағдайда SOS кнопкасын басуың керек. Құтқарушылар спутник арқылы іздеп келіп, жатқан жеріңнен тауып алады", - дейді ол.
Желаяқтың айтуынша, бұл жарысқа түрлі елден барлығы 147 адам қатысқан.
"Түс ауа қаладан тысқарыда орнатқан лагерге келдік. Қоңыр шатыр. Күрең қызыл сексеуіл. Қара пеш. Сарқылдап қайнаған қара шәйнек қарсы алды бізді. 47 елдің туы желбіреп тұр. Бел ортада бүркіті еркін самғаған көк туымыз көзге айырықша түседі. "Көк тудың желбірегені - жаныма қуат береді"… Таңертең ерте тұрдым. Алакеуімде арқасында 10 келі жүгі бар 147 "псих" сөре алаңыңда тұрдық. Басқа лайық сөз таппадым. 10, 9,8,7…1 оқ атылды. Оқ атылды екен деп оқша атылатын бұл 42 шақырымдық марафон емес. Алдымызда 250 шақырым жол жатыр. Жол емес, шөл жатыр. Қытайдың ховасындай ауыр қозғалдық. Тау-тау қызыл құм. Қардан омбылағандай құм кешіп келеміз. Зуылдатып жүгіргің келеді-ақ, әттең арқаңдағы жүк ырық бермейді. Бөкен желіспен бүлкілдетіп келеміз. Мақсат - аман-есен финишке жету. Себебі мұның өлім жарысы (смертельный забег) деген лақап аты да бар. Ана бір жылы Гоби маршта бір марафоншы қайтыс болған-тын. Кешегі келісімшартқа қол қойдыру да бекер емес… 40 шақырым жүгіріп, алғашқы топпен бірінші этапты сәтті аяқтадым. Шарт бойынша алғашқы төрт күн бойы күн сайын 40 шақырымнан жүгіресің. Бесінші күні 80 шақырым. Ұйымдастырушылар тек суық су мен ыстық су ғана береді. Бір шатырда 6 адамбыз. 3 жапон, 1 қазақ, 1 кәріс, 1 орыс. Айтпақшы тудың арасында Ресей жалауы болмады. Антон өзі жұмыс істейтін Газпромның туын көтеріп жүгірді", - деді ол.
Жарыс кезінде ауа райы 57 градусқа дейін жеткен.
"Екінші күні күн ыстық болды. Түс ауа 45 градусқа жететінін хабарлады. Финишке түске дейін жетуді көздедім. Солай да болды. Мәреге 6-шы болып келдім. Аман-есен мәреге жетсем деген әуелгі мақсатты ұмытып, енді үздік ондыққа кірсем деген дәме пайда болды. Түстен кейін жағымсыз жаңалық лагерді жайлап үлгерді. Германиялық Алекс жарыс жолынан шыққаны белгілі болды. Қан құрамынан қант күрт азайып, жығылып қалған. Глюкоза жетіспейді. Дәрігерлер ары қарай жарысты жалғастыруға рұқсат бермеді. Ол жылап, ертеңінде Свакопмунд қаласына кетті… Таңертең тұрсам, көзім білеудей болып ісіп кетіпті. Кеше жарты жолда көзілдірік тақпай жүгіріп едім. Үшінші таң. Бүгін күн ыстық болатынын хабарлады. Біз білмейміз. Үш күн болды интернетті ұмытқалы. Күнде 8:00-де старт. Бүгін сегіздің өзінде-ақ 40 градусқа жеткені белгілі болды. Сәлден соң 57 градусқа барды. Бастағы ми қайнауға шақ қалды. Мұндай ыстықты бұрын-соңды көрмеппін. Иен далада жалғыз өзім жүгіріп келемін. Лидерлер әжептәуір алда кетіп қалды. Негізгі бәсеке испаниялық Beneito Vicente Juan, жапониялық Matsuda Hiroyuki, ресейлік Антон Зырянов және намибиялық Kalwenya Martin арасында жүретіні алғашқы күні-ақ белгілі болған. Бұлардың соңына түсемін деп жапанда жалғыз қалдым. Кейінгі топты күтейін десем мына ыстықта "гриль" болатын түрім бар. Көлеңке іздеймін ғой, сая болатын бір тал шыбық болсашы. Қу жазық. Ыстық құм. Бір орында көбірек тұрсаң, аяғыңды ыстық қариды. Жаңа төселген асфальт үстінде жүгіріп келе жатқандаймын. Тезірек жүгіру керек. Қайран, Алматымның салқын самалы-ай!.. Қадіріңді білсемші!.. Орта жолдағы су бекетінде төртінші келе жатқан Мартин ентігіп отырғанын көрдім. Бұл ыстықтан құтылудың бір ғана жолы тезірек жүгіріп лагерге жету екен. Менің орныма ешкім жүгіріп бермейді. Екінші жолы да бар: жарыс жолынан шығу. Яки сыну! Бұл менің жолым емес. Төрт сағатқа толтырмай мәреге жеткенде алдымдағы үш қасқыр жаңа ғана келіп, көлеңкеде бүк түсіп жатыр екен. Ентігеді. Еріктілер су бүркіп тұр. Пах, шіркін-ай! Судың қадірін білсек қой!.. Қара судың мұншалық тәтті боларын білмеппін! Төрт сағатта мәреге жеткен біз неткен бақыттымыз! Қалған 142 жазған мына 57 градуста не күйде екен десеңізші! Бір байқағаным, ыстықта аяқтың тырнағы шыдамайды екен. Үш тырнағым түсіп қалды… Арқадағы сөмке арқаны да әбден қажаған. Ісіп кетіпті. Терісі де сыдырылыпты. Арқасы кеткен ат сияқты мықшидым да қалдым. Бәлкім ыстық соқты, бүгін дұрыс ұйықтай алмадым. Шатырда ауа жоқ. Қапырық. Оның үстіне алты жігіттен аңқыған "жұпар" иіс қолқаны қабады. Бұл жарыстың бір шарты: жуынуға және киім жууға болмайды. Жүгіріп келген соң ақ сор киіміңді жайып қоясың. Таңертең ұйқалап екі сілкігенде ақ шаңның астында қаласың. Түн ортасында далаға шықтым. Шатыр алдына жаттым. Бір кезде маған беймәлім бір мақұлықтың шаң еткен дыбысы шықты. Сол-ақ екен тұс-тұстан үн қоссын келіп. Шалқадан жата алмаймын. Арқам ауырады. Етбетімнен жаттым. Таңертең жанымда жатқан Kakuta Kyahei мен түнде қорылдап, сізге ұйқы бермедім, кешіріңізші деп иіліп тұр…" - деп жазған ол.
Желаяқтың айтуынша, мұндай аптапқа шыдамаған 20-дай марафоншы жарысты ерте тоқтатқан.
"Кешегі 57 градус ыстыққа шыдамаған 20-дай марафоншы жарысты ерте тоқтатқаны белгілі болды. Орта жолға бір табан жақын қалған бізге бұл моральді тұрғыда ауыр тиді. Төртінші күні ыстықтың беті қайтыпты. 40-45 градус. Бұл біз үшін қоңыр салқынға айналғандай. Алғашқы күндері ара-кідік құйырық тістесе жүгірген колумбиялық Pardo Federico бүгін жоқ. Кешегі ыстық оның да түбіне жеткен сыңайлы. Жота-жота болып үйілген құм. Ара-тұра алдымнан жорғалап кесіртке, жыбырлап қара құрт кесіп өтеді. Басқа тіршілік иесі жоқ. Меңіреу дала. Тобықтан құм кешіп келеміз. Дәл мұндай көріністі Сарыарқадан қыста көруші едік. Тек қызыл құм емес, аппақ қар болушы еді. Бүгін тағы ұйқысыз түн болды. Ерте тұрдым. Шешуші сәт. 80 шақырым жүгіреміз. Төрт күн жүгірдік. 160 шақырым артта қалды. Маңызды шақта ұйықтай алмағаным өкінішті болып тұр. Оның үстіне сол жақ шаптың безі шошыныпты. А, бәсе үлкен бармақтың тырнағы BMB-ның капоты сияқты түбінен ашылыпты. Жығылғанға - жұдырық деген осы. Мына түріммен бүгін 80 шақырым қалай жүгіремін? Удай ашып тұрған арқа анау. Бір дәтке қуат қыларым: сөмкем 1,5 келіге жеңілдеген. Азайғаны - 4 күннің тамағы. 3 нәскиді тастауға тура келді. Бірінші, көтеріп жүгіруге ол да салмақ, екінші жуылмаған, қоқиып қатып жатыр. 10 шақырым аяғымды сылтып әрең жүгірдім. Бармақтың босаған тырнағы батып әбден мазамды алды. Тоқтай қалып, кроссовкиімді шештім де "капотты" түбінен қайырған күйі жұлып лақтырдым. Ой, рахатын-ай!.. Бүгін старт басталғалы өрге жүгіріп келеміз. Алдымыздан тау шықты. Норвегиялық Саймонның соңынан жүгіріп келе жатқанмын, бір уақытты "ту қайда?" деп екі қолын жайып қарап тұр. Адасып кетіптік. Сандалып ал белгіні іздемейміз бе. Қайта артқа жүгірдік. 2 шақырым тура, кері 2 шақырым (4 шақырым) артық жүгірдік. Шақтап алып шыққан суым да бітті. Қаталап су бекетіне әрең жеткенде бізді 300 грамм кока-кола күтіп тұр екен. Зәмзам суы мұндай болмас! Бүгін шөл ғана емес, тауға өрмелеп, жартастан сырғып жүгірдік. 50-шақырымға келгенде тынысым ашылды. Бәйге енді басталғандай тың жүгірдім. Алдымда әлгі төрт лидер. Бір кезде екі жағы ну орман өртеніп жатқан сайға түскендей күй кештім. Екі қапталдан ыстық жалын соғады. Тұншығып барамын. Ауа жетпейді. Бір жұтым ауаға зармын. Дәл осы кезде Ruslan Erbota-ның "Алатау бөктерінде төсін салқын самалға төсеп, салқын сыра ішіп, қарнын дырт-дырт қасып, тапшанда жатқанын" елестеткенде бұл өмірдің соншалық әділетсіз екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Тіпті бұл маған қажет пе, мұндай азапқа мені кім салды деген ой да келді. Әрине бұған жауабым дайын-тын. Иә, бұл маған керек. Әркім өз өмірінің қожасы. Неге өзіне тәжірибе жасамасқа. Мені ешкім азаптаған жоқ. "Бұл - менің таңдаған жолым" деп өзімді қайрауға көштім. Ыстық сайдан көтеріліп қырға шыққанда маңдайдан салқын самал соқпай ма. 70-шақырымда төртінші келе жатқан Антонды қуып жеттім. Әбден болдырыпты. Аяғы қоюлаған. Оны да қамшылап, қалған 10 шақырымды бірге жүгірдік. Күн ұясына бата біз де мәреге жеттік. Бүгін 10 сағат жүгіріппін. Ауыр күндер, қиын сәттер артта қалды. 240 шақырымды еңсердік! Дене қызуым көтеріліп, 20 минут шатырда жаттым. Әп-сәтте бәрі де ғайып болып, тыңайып, жадырап шыға келдім. Адамдар таң атқанша аһылап, үһілеп келіп жатты. Бір шатырды алты күн мекен қылған ұялас кореялық Ryu Sangwoo таңертең 8:00-де келді. 24 сағат жүгірген. "Сендер қандай бақыттысыңдар, кеше кешке келіп, тамақ ішіп ұйықтадыңдар ғой" дейді көзі жасаурап… Ең соңғы болып сингапурлық марафоншы 24 сағат 35 минутта жетті. Бәріміз қол соғып, қошаметтеп қарсы алдық. Бізді кезек-кезек құшақтап, жылап жүр ағыл-тегіл… Бүгін демалыс. Тағы бір тырнақ қопарылыпты.
Жетінші күн. 10 шақырымдық соңғы жарыс. Алғашқы болып асықпай жүгіретіндер кетті. Одан кейін орта жылдамдық ұстайтындар. Соңында бізді жіберді. Бәріміз шамамен бір уақытта мәреге жеттік! Финиш! Бірінші болып бізді Алекс қарсы алды. Бетімізден сүйіп, жылап жүр…
P.S. Мұны физикалық қана емес, психологиялық дайындықсыз қайталауға болмайды!" - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Еренғайып Қуатайұлы Mаssaget.kz тілшісіне берген сұхбатында бұл спорт түріне қалай келгенін айтқан еді.
"1 жылда 30 келі тастадым. Бір кабинетте отырып қана жұмыс істейтінмін. Аяқтың бауын байлау қиын болып кетті. О баста, салмақ тастаймын деген мотвациямен жүгірдім. Кейін стартқа кіріп алғаннан кейін азартқа кіріп кеттім. Бала кезімде жүгіруге қызығатынмын, тіпті жалаңаяқ жүгіретінмін. Кейін оқу болып жүгіру қалды. 40 жасымда қайта қолға алдым. 93 келі болғанмын, 1 жылдың ішінде 30 келі салмақ тастадым. Салмақ тастау қиынға соқты. 6 ай нан жемедім, қант жемедім, 6-7-ден кейін тамақ ішпедім. Тауға жүгіріп, велосипед теуіп, жүзумен айналыстым. 40 жасқа дейін велосипед те теуіп, суда жүзіп те білмедім. Ер азаматтың өмірі 40 жастан кейін басталады", - дейді марафоншы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек