"Бауды байлау қиын болып кетті". Желаяқ Еренғайып Қуатайұлының жігерлендіретін хикаясы

"Бауды байлау қиын болып кетті". Желаяқ Еренғайып Қуатайұлының жігерлендіретін хикаясы
Фото: Болат Айтмолда

Кейбір адам үшін жүгіру - бұл жай ғана денсаулықты қалыпта ұстау, ал кейбірі үшін жүгіру - өмір салты. Сіз күнде жаттыға алар ма едіңіз? Алдыңызға мақсат қойып, 5 жыл жаттығып, сол мақсатқа 2 жылға жетпей жете аламын деп ойлайсыз ба? 40 жасқа келгенде өмір түрленіп, одан әрі қызық боларына сенесіз бе? Егер бұл сұрақтарға қандай да бір күмәнмен қарасаңыз, оны сейілтуге көмектесеміз. Мұның бәрі кәсіпкер, журналист Еренғайып Қуатайұлының қолынан келді. Әлемдегі 6 мейжорды 3 сағатқа жетпей жүгіріп шыққан жалғыз қазақстандық желаяқ Massaget.kz тілшісіне бұл спорт түрінің қыр-сырын бөлісті. 

Өміріңізді қолға алу ешқашан кеш емес, ол үшін алдымен өзіңізді тыңдап үйреніңіз. Еренғайып Қуатайұлы 40 жасқа дейін спортпен шұғылданбаған. Мектеп қабырғасында жүргенде ғана түрлі спорт жарыстарына қатысқанымен, үлкен өмірге аяқ басқанда спорттан қол үзген. Алайда офисте отырып, артық салмақ жинай бастаған ол бір күні өзін қолға аламын деп шешкен. 

"Ер азаматтың өмірі 40 жастан кейін басталады"

"1 жылда 30 келі тастадым. Бір кабинетте отырып қана жұмыс істейтінмін. Аяқтың бауын байлау қиын болып кетті. О баста, салмақ тастаймын деген мотвациямен жүгірдім. Кейін стартқа кіріп алғаннан кейін азартқа кіріп кеттім.  Бала кезімде жүгіруге қызығатынмын, тіпті жалаңаяқ жүгіретінмін. Кейін оқу болып жүгіру қалды. 40 жасымда қайта қолға алдым. 93 келі болғанмын, 1 жылдың ішінде 30 келі салмақ тастадым. Салмақ тастау қиынға соқты. 6 ай нан жемедім, қант жемедім, 6-7-ден кейін тамақ ішпедім. Тауға жүгіріп, велосипед теуіп, жүзумен айналыстым.  40 жасқа дейін велосипед те теуіп, суда жүзіп те білмедім. Ер азаматтың өмірі 40 жастан кейін басталады", - дейді марафоншы. 

"Марафон деген 10 немесе 21 шақырым емес..."

Көп адам 10 немесе 21 шақырым жүгіріп, марафон өтіп шықтым деген ойда болады. Алайда бұл - қате пікір. Бұдан мыңдаған ғасыр бұрын гректер мен парсылар арасындағы соғыс болып, гректер жеңіске жетеді. Бұл қуанышты хабарды Афинаға жеткіземін деп, грек жауынгері тоқтамай 42 шақырым жүгіріп жетеді. Жеткен бойда сол жерде жан тапсырады. 1896 жылдан бастап, жауынгердің құрметіне Марафондық жарыс олимпиада бағдарламасына енгізілген. 

Бүгінде кейіпкеріміз Еренғайып Қуатайұлы 10 марафон жүгіріп өткен. Бұл - 420 шақырым. Оның алтауы - мейжор.  

World Marathon Majors - әлемдегі ең беделді жарыс сериясы. Бүгінде үлкен алтылық деп аталатын бұл жарыс Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токиода өткізіледі. Қазақстанда бұл алтылықты жүгіріп өткен 9 ғана адам бар. Соның бірі - Еренғайып Қуатайұлы. Кейіпкердің тағы бір ерекшелігі ол - 6 мейжорды 3 сағатқа жетпей жүгіріп шыққан жалғыз қазақстандық. 5 жыл ішінде желаяқ 100-ге жуық медаль алған. 

"Алты мейджорды 1 жарым жыл ішінде жүгіріп шықтым. Алғашқысын 2022 жылы сәуірде Бостонда бастадым, ал соңғысын былтыр қарашада Нью-Йоркте жүгіріп шықтым", - дейді кейіпкер.

Бұдан басқа, желаяқ Астана, Қазан, Ыстамбұл қалаларында марафон жүгірген. Ол есінде ерекше қалған жарысын айтты. 

"Бостон мен Чикаго марафондары есімде ерекше қалды. Бостонда протезбен жүгірген адамдарды көрдім. Олар маған қатты мотивация берді. Ол кезде мен шаршап, трассадан шыға саламын деген ой келді. Ал Чикагода керісінше, түк шаршамадым. Тез бітіп қалды. Ол кезде мен өте жақсы дайындалдым. Марафон алдында бір ай бұрын біз Қырғызстандағы Шопан-атаға барып дайындалдық", - дейді ол. 

Бұдан басқа кейіпкер әлемдік Ironman жарысына екі мәрте қатысқан. Жарыс ережесі бойынша, онда тек жүгіріп шықпайсың, сонымен қатар, жүзіп те, велосипед те тебуің керек. Бір қызығы, кейіпкер суда жүзе білмеген. Жарысқа жарты жыл қалғанда бәрін басынан үйренуге тура келіпті.

"Менің үшін спорт - өмір салты"

"Мен үшін марафон - саяхат жасауға себеп. Марафон - қайырымдылық шарасы. Адамдар жарна төлеп қатысады, жиналған қаражат мұқтаж жандарға кетеді. Бұдан басқа, біреуге мотивация боласың", - дейді кейіпкер.

Мұндай мотивация Еренғайып Қуатайұлына бірде-бір күн жібермей, ауа райына қарамай, спортпен шұғылдануға әсер етеді. Оның айтуынша, ол күніне 10-15 шақырым, айына тұрақты түрде 300-400 шақырым жүгіреді. Кейде үлкен старт алдында 500-600 шақырымға қашықтық көлемін арттырады. Бұл марафондарда қиналмай жүгіріп шығуға көмектеседі. Оның айтуынша, адам өзін жаттығуда қатты қинау керек, сол кезде марафондарда қиын болмайды.

Желаяқтың айтуынша, жүгіргенде негізі 3 қағиданы ұмытпау керек. 

"Біріншіден, жанды қинап тұрып жаттығу керек. Екіншіден, қалыпқа келу керек. Ол үшін моншаға түсіп, массаж алып, дұрыс ұйықтап, демалу керек. Үшіншіден, дұрыс тамақтану керек. Нәтиженің дұрыс болуы, 60 пайыз тамаққа байланысты. Диетологтарға барып, дұрыс тамақтану керек", - дейді ол. 

Amangeldy race 2024 жарысынан түсірілген фото

"Жүгіру 72 аурудың алдын алады"

Кейіпкердің айтуынша, салмақ тастағаннан кейін өмірінде елеулі өзгерістер болды.

"Ұйқы дұрсталды, бұрын ашушаң болатынмын, асқазаным ауратын, басым ауыратын. Жүгіру туралы көп деректі фильм мен кітаптар қарап оқыдым. Жүгіру 72 аурудың алдын алады екен. Пайдасы өте зор. Қан айналымына жақсы әсер етеді. Бұдан басқа, шегеге тұрамын. Табаныңа кірген шеге миыңа жетеді. Бүкіл өне-бойыңа жетеді", - дейді ол.  

"Тойға бармаймын"

Кейде бірнәрсеге жету үшін басқа нәрседен бас тартуға тура келеді. Кейіпкер дұрыс өмір салтын ұстану үшін той-жиындарға барудан қалғанын айтты. 

"Мен артық салмақ қосып алуға бейім болуым мүмкін. 1-2 апта жүгірмей кетсем, бірден 5 келі қосып аламын. Сондықтан тұрақты түрде жүгіріп, салмақты ұстап отыруға тырысамын. Қазір 65 келімін. Күнде 1,5-2 сағат жаттығуға арнаймын. Тойға бармағаныма 5 жыл болды. Той уақытыңызды рәсуә етеді ғой. Онда мораль, ысырапшылдық, бақталастық, дарақылық көресіз", - дейді кәсіпкер.

Тәртіп, табандылық және дағды

Жүгіргісі келетін адам алдымен жүгіру мектептеріне барып, бапкермен жұмыс істеу керек. Әйтпесе, дұрыс жүгірмей, беті қайтып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда мамандармен ақылдасып, жүгіру техникасын үйреніп алған жөн. Кейіпкер бұл спорт түріне қызығып жүргендерге кеңес берді.

"Өкшемен түсуге болмайды, аяқтың алдыңғы бөлігімен жүгіру керек. Ол үшін арнайы жаттығулар бар. Жаттығулар дағдыға айналады. Ал бұл кейін жүгіргенде әсер береді. Көз 90 градуста болуы керек", - деді ол.

Ұзақ қашықтыққа жүгіргенде неше түрлі ой келуі мүмкін. Кейде тіпті бәрін тастап, қол сілтей салғыңыз келетін кез болады. Бұл жағдайда не істеу керек? Санамен қалай жұмыс істеу керек? Еренғайып Қуатайұлы мұндай кезде не істейтінін алға тартты.

"Жүгіргенде де неше түрлі жақсы ой келеді. Ал жаман ой келе, мен көбіне алда болатын старттарды ойлаймын. Жүгірмес бұрын бәрін алдын ала жоспарлап аламын, оған қоса, жүгіріп жүргенде жақсы идеялар, қызық жобалар келеді. Көбі жүгіргенде ән тыңдайды ғой. Ал мен өзімді тыңдаймын. Негізі адам музыка емес, өзін тыңдап жүгірсе, жақсы болар еді. Мен өзімді және өзімнің техникамды бақылаймын. "Бұрын жүгіргенде қай жерім аурады, өкшемді дұрыс қойдым ба?" деген сұрақ қоямын. Өзімді іздеуден, танудан жалықпаймын, - дейді желаяқ. 

Жүгіру - шығынсыз спорт...

"Көбі арзан деп ойлайды, алайда бұл да қымбат спорт. Алдымен дұрыс аяқкиім алу керек, тауда жүгіретін, қыста, жазда арналған кроссовки бар деген сияқты. Әр стартқа сай аяқкиім алып, арнау керек. Киімге де аса мән беру керек. Терлегенде суық тартпайтын киім алу керек. Массажға, дәрумендерге де қаражат бөлу керек", - дейді ол. 

"Көп адам жүгіргенде пәлсапалық мән іздейді"

Еренғайып Қуатайұлы алдағы жоспарын айтты. Ол 21 шақырым қашықтықта бірнеше сериялы жарысқа қатыспақ. 

"Superhalfs жүгірсем деген ой бар. Бұл жарыстар Лиссабон, Прага, Берлин, Копенгаген, Кардиф және Валенсия, Уэлстегі Крафти. 17 наурызда Лиссабонда, 6 сәуірде Прагада жүгіремін. Қазақстандағы жарыстарды қалдырмауға тырысамын. Болашақта шөл далада жүгіріп өтсем бе деген ой бар", - дейді кейіпкер. 

Massaget.kz редакциясы спортшыға марафондорда сәтті жүгіріп шығуын тілейді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек